Кентаудың тазалығы – еңбектің нәтижесі

0
33

Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің “Жасыл қала” коммуналдық мемлекеттік мекемесі» – қала көшелерінің тазалығын қамтамасыз етіп, жасыл желектерін баптап, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып отырған маңызды мекеме. Қаладағы саябақтарды, аллеяларды, гүлзарлар мен скверлерді күтіп ұстау, тал отырғызу, жасыл аймақтарды суару, жарықтандыру, сондай-ақ аумақтарды тазалау – осы мекеме атқаратын күнделікті жұмыстардың негізгі бөлігі. Қаланың жинақы, көрікті әрі таза болуы – ең алдымен осы мекеме қызметкерлерінің табанды еңбегінің арқасы.

Сол еңбек адамдарының бірі — Асан Әбдімұқан Сейдембекұлы. Ол 2019 жылдан бері тазалық саласында жұмыс істеп, қаланың көркеюіне өз үлесін қосып келе жатқан жан. Сан жылдық тәжірибесі бар Асан мырза 2024 жылдан бастап “Жасыл қала” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бригадир қызметін атқарып келеді. Қол астында 10-15 қызметкер бар. Бригадир ретіндегі міндеті — жұмысшылардың жұмысын үйлестіріп, көшелер мен аумақтардың тазалығы әрдайым жоғары деңгейде болуын қадағалау.

Асан Әбдімұқан қаланың тазалығы – тұрғындардың жайлы өмір сүруінің басты көрсеткіштерінің бірі екенін жақсы түсінеді. Бүгінде күзгі мезгілдің жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көшелерді жапырақтан тазарту, жол жиегіндегі суағарларды реттеу, ағаштардың түбін жинастыру — осы кезеңнің негізгі міндеттері. Қала көшелерінде күзгі жапырақтар қалың түсе бастаған уақытта жұмыс көлемі де еселене түседі. Асан мырза мен оның ұжымы күн сайын таңертеңнен бастап кешке дейін қаланы тазарту жұмыстарын атқарып, тұрғындар үшін таза әрі жайлы орта қалыптастыруға күш салады.

Еңбек адамының жұмысы — көпшілікке қарапайым көрінуі мүмкін. Дегенмен әрбір сыпырылған көше, әрбір тазаланған аула, әрбір реттелген суағар — осы жандардың көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды еңбегінің нәтижесі. Таза қала — мәдениетті қоғамның белгісі, ал оны қалыптастыру — осындай еңбекқор азаматтардың қолында.

Асан Әбдімұқан — отбасының тірегі. Отбасылы, бес бала тәрбиелеп отырған ардақты жан. Жұмыс пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру — үлкен ерлік. Ол балаларын еңбекқор, тәртіпті, елге пайдасы бар азамат болуға тәрбиелейді. «Қала таза болса, көңіл де таза болады» деген ұстаныммен жұмыс істейтін Асан мырзаның өмір жолы — жас ұрпаққа үлгі.

Кентау қаласының тазалығы мен тәртібін қамтамасыз етуде Асан Әбдімұқан Сейдембекұлы сияқты еңбеккерлердің рөлі зор. Олар күннің ыстығында да, аязы мен жауынында да жұмыстан қалған емес. Қаланың көрікті келбеті — осы жандардың маңдай теріне тікелей байланысты. Сондықтан еңбек адамының еңбегін бағалау — қаланың бүгіні мен болашағын бағалау.

Осындай талапты, жауапты, еңбекқор азаматтардың арқасында Кентау күн сайын көркейіп келеді. Асан Әбдімұқанның табанды еңбегі мен адал қызметі — құрметке лайық, ал оның қаланы таза ұстау жолындағы еңбегі — елге үлгі.

Leave a reply