Сол еңбекке өмірінің ұзақ жылдарын арнап келе жатқан ардақты жанның бірі — Бидайбекова Ақтоты Кемелбекқызы. Ол 2002 жылдан бері тазалық саласында үздіксіз жұмыс істеп, туған қаласының көркейіп, таза болуына өз қолтаңбасын қалдырып келе жатқан еңбеккер әйел. Қай мезгілде, қандай ауа райында болсын, өз ісін тиянақты атқарып, қоғамдық тәртіпке, қала тазалығына жауапкершілікпен қарайтын Ақтоты апай бүгінде мекеменің тәжірибелі, сенімді қызметкерлерінің қатарында.
Ақтоты Кемелбекқызы үшін тазалық саласындағы жұмыс — жай ғана қызмет емес, өмірлік дағды, қоғам алдындағы борыш іспетті. Қала көшелерінің жинақылығы мен әдемілігі оның күнделікті еңбегіне тікелей байланысты. Таңның атысынан күннің батысына дейін аумақты жинау, қоқыс қалдықтарын тазалау, жол жиегіндегі шөптерді жұлу, қураған жапырақтарды реттеу — сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен шыдамдылық пен күш-жігерді талап ететін жұмыс.
Ұзақ жылдар бойы тазалық саласында еңбек етіп келе жатқан Ақтоты апай бүгінде 63 жасқа жетсе де, еңбектен қол үзбей, қаланың көркеюіне үлес қосып келеді. Ол — төрт ұлдың анасы, жеті немереге әже атанған қазыналы жан. Отбасындағы мейірім мен берекені сақтай жүріп, қоғам алдындағы міндетін де қалт жібермей орындауы — оның адамдық болмысы мен еңбекқорлығын айқын көрсетеді.
Ақтоты Кемелбекқызы үшін әрбір таза көше, әрбір ретке келтірілген аумақ — өзінің өмірлік еңбегінің жемісі. «Қаланың таза болғаны — тұрғындардың көңілін көтереді, біз үшін ең үлкен алғыс — тұрғындардың ризашылығы» дейді ол. Оның қарапайым еңбегі қала тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналып, көпшілікке көзге көрінбей жасалса да, нәтижесі бүкіл қалаға шаттық сыйлайды.

«Жасыл қала» мекемесінің қызметкерлері — қаланың тынысын ашып, олардың еңбегімен күнделікті өмірдің жайлылығы қамтамасыз етіледі. Ақтоты апай сияқты білікті әрі адал еңбеккерлердің арқасында Кентау қаласы жыл сайын көркейіп, тұрғындар үшін таза әрі жайлы орта қалыптасып келеді.
Бидайбекова Ақтоты Кемелбекқызы — еңбегін үнсіз, дабырасыз атқаратын, бірақ қаланың ажарын айқындап тұрған шынайы еңбек адамы. Оның ғұмырын адал еңбекпен өрген жолы — көпке үлгі, еңбектің қадірін білетін жанға мақтаныш.