МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: «АЛАТАУ ҚАЛАСЫ ЕЛІМІЗДІҢ ЖАҢА ІСКЕРЛІК ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БОЛУҒА ТИІС»

«Қарқынды өсіп келе жатқан әлемнің көптеген мемлекеттерінде даму көшінің басында жүретін қалалар инвестициялар мен технологияларды өзіне тартатын полюске айналған. Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс. Жалпыұлттық маңызы бар осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жер бөлінді, бастапқы жоспарлау жұмысы аяқталды, инфрақұрылымның қажетті делінген негізгі желілері қосылды.
Жақында Қытай мемлекетіне барған сапарымда әлемнің жетекші компанияларымен құны миллиардтаған қаржы тұратын келісімдерге қол қойылды. Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан сондай компанияның бірі енді Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысатын болады.
Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру болып тұр. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек.
Содан кейін жарты жылдан асырмай, арнайы жеке заң қабылдау қажет. Аталмыш құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс.
Бұл арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті шара немесе құрал екенін айта кеткен жөн.
Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек.
Бұл қала біздің еліміз Қазақстанның келешектегі жаңа келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге азаматтарымыз үшін барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет».












