Еңбекке құлшыныс – өмірге сенім

Бүгінгі қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар – өмірдің түрлі сынағына қарамастан, алға ұмтылуға, еңбек етуге, өз орнын табуға тырысатын ерекше жандар. Олардың әрқайсысы – қайсарлықтың, төзімділіктің және өмірге деген құлшыныстың жарқын үлгісі.
Алайда, өкінішке қарай, еңбек нарығында мұндай азаматтарға тең мүмкіндік беріле бермейді. Көп жағдайда жұмыс берушілердің күмәнмен қарауы, қоғамның жеткілікті деңгейде қолдау көрсетпеуі – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір жолын одан әрі күрделендіреді.
Осындай жағдайларда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызы зор. Соның жарқын мысалы ретінде, Кентау қалалық Мансап орталығының игі бастамасын атауға болады. Орталық мамандары 3-топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Дәулетов Орынбасарды мектепке жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетіп, оның еңбекке араласуына жол ашты.
Бұл – тек бір адамның табысы емес, бұл – қоғамға үлгі болатын ізгі іс, әрі ортақ жауапкершіліктің көрінісі. Себебі, әрбір азаматтың басты арманы – өз еңбегімен өмірге үлес қосу, қоғамда өз орнын табу.
Мансап орталығы өкілдерінің айтуынша, мұндай жұмыс — тек ресми орындалатын міндет емес, бұл – адамға сенім беру, қоғамға деген көзқарасты өзгерту, бір-бірімізге түсіністікпен қараудың бастамасы.
Тең мүмкіндік – ортақ міндет
Бүгінде елімізде мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту үшін бірқатар мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылған. Соның ішінде:
-
Жұмыс орындарына арнайы квота белгілеу;
-
Жұмыс берушілерге субсидия беру;
-
Әлеуметтік жұмыс орындарын ашу;
-
Жеке кәсіп ашуға арналған мемлекеттік гранттар.
Осы шаралар арқылы еңбекке ынтасы бар азаматтардың қоғамнан шет қалмауына жағдай жасалады.
Қайырымды қоғам – ортақ жеңіс
Дәулетов Орынбасардың еңбек жолы – мүмкіндігі шектеулі жандардың да әлеуеті зор екенін, оларға тек сенім мен мүмкіндік керек екенін дәлелдейді.
Мұндай азаматтарды қолдау – тек мемлекеттің немесе Мансап орталығының ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Себебі, нағыз мейірімді қоғам – бір-бірін түсінетін, қолдайтын және тең көретін қоғам.













