Оңтүстіктен Солтүстікке – жаңа өмірге жаңа қадам

2025 жылдың 14 тамызы күні Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген делегаттар Кентау қаласына іссапармен келіп, өңіраралық қоныс аудару бағдарламасы бойынша түсіндірме кездесу өткізді.
Кездесу Кентау қалалық Жастар орталығында ұйымдастырылып, тұрғындарға Солтүстік өңірлерге қоныс аударудың артықшылықтары, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді.
Қоныс аударуға қолдау – нақты іспен
Кездесуде делегаттар:
✔ Қоныс аударған азаматтарға тұрақты жұмыс орындары ұсынылатынын;
✔ Жұмыс істегісі келетіндер үшін мансаптық өсу мүмкіндігі барын;
✔ Кәсіп бастаймын дегендерге қайтарымсыз гранттар берілетінін;
✔ Қоныс аударушыларға тұрғын үй, балабақша, мектепке орналастыру секілді әлеуметтік қолдау көрсетілетінін нақты мысалдармен баяндап берді.
“Еңбек етемін деген жанға жол ашық, арманы бар адамға мүмкіндік мол!” – деген шабыттандырар сөздерімен делегаттар қатысушылардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, нақты бағыт-бағдар ұсынды.
Бағдарламаның мақсаты не?
Өңіраралық қоныс аудару бағдарламасы – халық саны тығыз оңтүстік өңірлерден, жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге азаматтарды ерікті түрде көшіру арқылы ел ішіндегі еңбек ресурстарын теңестіру және аймақтардың дамуын үйлестіру мақсатын көздейді.
Мемлекет қандай көмек көрсетеді?
Қоныс аударған азаматтар мен олардың отбасы мүшелеріне:
Тасымалдау шығындарына біржолғы өтемақы;
Бір жыл бойына тұрғын үй жалдауға және коммуналдық төлемдерге субсидия;
Балаларын мектепке, балабақшаға орналастыру;
Қалаған жағдайда қайтарымсыз грантпен жеке кәсіп ашуға мүмкіндік беріледі.
Болашақ – батыл қадамнан басталады
Жиынға қатысқан кентаулық тұрғындар бағдарламаға қызығушылық танытып, қоныс аудару тәртібі мен қолдау шарттары туралы нақты мәліметтер алды. Мұндай кездесулер – ел ішіндегі ішкі көші-қон мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың жұмысқа орналасу, кәсіп бастау, жаңа ортаға бейімделу сияқты маңызды сұрақтарына жауап беретін пайдалы алаң.












