Шымкентте өкпесінің 98 пайызы зақымдалған жүкті әйел ауруханадан шықты

0
117
Шымкентте коронавирустан өкпесінің 98 пайызы зақымдалған жүкті әйел ауруханадан сауығып шықты. Қауіпті инфекция жұқтырған науқас 50 күн бойы инфекциялық госпитальде жатқан.
38 жастағы жүкті әйел қалалық жұқпалы аурулар орталығына 20 сәуір күні жеткізілген болатын. Бірнеше күннен кейін әйелдің жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылады.
Науқастың өкпесі 98 пайызға зақымдануына байланысты республикалық дәрежедегі дәрігерлер консилиум өткізіп, нәтижесінде, науқасты ЭКМО аппаратына қосады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл аппарат ауыр халдегі науқастарды емдеуде нәтиже болмаған жағдайда қолданылады. Осылайша жаңа босанған әйелге 14 күн бойы ЭКМО аппараты арқылы ем жүргізілді. Айта кету керек, осы аппараттың арқасында жаңа босанған әйелдің жағдайы жақсарған.
Дегенмен, 27 сәуір күні ішіндегі баласының жағдайы ауыр болуына байланысты қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлер командасы шұғыл түрде «кесір тілігі» арқылы әйелді босандырып алған. Салмағы 1 кг 900 грамм болып туылған шақалақты қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері медициналық көмек көрсетіп, қамқорлық жасады.
38 жастағы Баймаханова Жадыра өмірін арашалап қалған Шымкент қаласының бас реаниматологі Батыр Шамамутов, қалалық жұқпалы аурулар орталығының акушерлік бөліміне жауапты дәрігер, анестезиолог-реаниматолог Айжан Бейсенгірова, қалалық жүрек орталығының кардиохирургиялық анестезиология-реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Бекжан Перменов, акушер-гинеколог Махашова Анар сынды білікті ақ халаттыларға өз алғысын білдірді.

Leave a reply