Байбол Өтепбаев есімі Кентау көшесінде жаңғырды

Кентау қаласы – кенді өлкедегі тарихы терең, еңбегі ерен тұлғаларымен танылған қала. Уақыт ағымында талай тау тұлға туған топырақта бүгінгі ұрпаққа өнеге болатын игі дәстүр қалыптасқан. Соның бірі – ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың есімін көшелерге беру. Жуырда Кентау қаласының «Сарыарқа» шағын ауданындағы бір көшеге елімізге белгілі тау-кен саласының майталманы, техника ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Байбол Өтепбаевтың есімі берілді.
Аталмыш шараның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы Тасов, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусізов, ел ағасының туған-туыстары мен қызметтес болған әріптестері, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Жиналған көпшілік Байбол Өтепбаевтың ел үшін еткен еңбегін ерекше атап өтіп, оның есімін көшеге беру – өскелең ұрпаққа тағылым болатынын айтты.
Шара барысында сөз алған қала басшысы:
«Байбол Өтепбаев сынды елін сүйген азаматтардың еңбегін дәріптеу – біз үшін үлкен мәртебе. Оның өнегелі өмірі мен қажырлы еңбегі Кентау жастарына үлгі болып қала бермек», – деп атап өтті.
Шын мәнінде, Байбол Өтепбаев – өнегелі өмірімен, білікті ғалымдығымен, кәсіби біліктілігімен ел есінде қалған дара тұлға. Ол өз өмірін түгелдей дерлік тау-кен өндірісінің дамуына арнап, бұл саланың ғылымы мен өндірістік бағытын қатар ұштастыра білген маман еді. Ғылыми ізденістері мен практикалық ұсыныстары еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына сүбелі үлес қосты.
Байбол Өтепбаев тек қана ғалым емес, ұстаз ретінде де көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың ел игілігіне қызмет етуіне жол ашты. Ол өз саласының білгірі ретінде республикадан тыс елдерде де мойындалған азаматтардың қатарынан көрінді. Қызмет барысында талай жауапты лауазымдарды атқара жүріп, әрдайым әділдігімен, кәсіби шеберлігімен, биік адамгершілік қасиеттерімен ел сеніміне ие болды.
Мұндай ірі тұлғаның есімін көше атауына беру – бір күндік оқиға емес, тұтас ұрпаққа бағытталған тәрбиелік мәні терең қадам. Бұл – елге сіңірген еңбектің, маңдай тердің, ұлт болашағы үшін төгілген қайраттың нақты бағалануы. Осындай өнегелі істер арқылы Кентау халқы ел тарихында із қалдырған ардақтыларын ардақтап, олардың жарқын жолын жас ұрпаққа үлгі етіп келеді.
Салтанатты рәсімнен кейін шара қалалық музейде жалғасты. Мұнда Байбол Өтепбаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған арнайы бұрыш ашылып, қоғам қайраткерінің ғылыми еңбектері, фотосуреттері, марапаттары мен құжаттары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл – тек құрмет қана емес, болашаққа аманат. Өйткені мұндай тағылымды бұрыштар жас ұрпаққа тарихты танытып қана қоймай, елге қызмет етудің нағыз үлгісін көрсетеді.
Көшеге берілген есім – тасқа басылған таңба ғана емес, жүрекке жазылар тағылым. Байбол Өтепбаев есімі енді Кентау көшесінде мәңгі жаңғырып тұратын болады. Бұл – оның артында қалған мол мұрасына, ел алдындағы ерен еңбегіне берілген шынайы баға, халықтың ризашылығының белгісі.













