Шымкент: 6 052 орынды 12 мектепті пайдалануға беру көзделуде

0
127

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева партия филиалының 2019–2020 жылдары атқарған жұмыстары және сайлауалды бағдарламасының орындалуы барысымен қала тұрғындарын хабардар ету мақсатында тікелей эфирде сұхбат берді.

Халықтың көкейіндегі проблемаларды шешу, азаматтардың өтініштері мен тілектерін сапалы қарауды қамтамасыз ету мақсатында партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтарды жеке қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

«Nur Otan» партиясы Қазақстанның әрі қарайғы даму басымдықтарын белгілеген саяси құжаттар негізінде 2025 жылға дейінгі мерзімді қамтитын «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын қабылдады. Партия бағдарламасы еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін қамтиды. Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Он басымдықты айқындап, барлығы 149 іс-шараны атқаруды көздейтін бұл құжат Шымкент қаласында тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы тұрақты дамуға қол жеткізуді көздейді. Жоспарда қала тұрғындарының сұраныстары екшеленіп, түрлі салалар бойынша бес жыл ішінде қол жеткізілетін нақтылы көрсеткіштер тізбегі түзілді.

Халықтан түсіп жатқан өтініштердің басым бөлігі баспанамен қамту мәселесін қозғайды. Бұл бағытта қалада үй құрылысының қарқынын арттырып, алдағы бес жыл ішінде іске қосылған тұрғын үйлердің үлесін қосымша 3 млн шаршы метрге немесе 47 мың пәтерге ұлғайту межеленген.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында үш ауысымды 19 мектеп бар. Биылдың өзінде осы санаттағы 10 мектепте жаңа ғимарат, қосыша оқу корпустарын салу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, 22 272 орынды 32 мектептің құрылысы басталып, 6 052 орынды 12 мектепті пайдалануға беру көзделуде. Денсаулық сақтау саласында да ауқымды жобалар қолға алынып отыр. Биыл 6 медициналық ұйымның ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілсе, алдағы 5 жыл ішінде 10 медициналық ұйымның құрылысы қолға алынбақ.

Бұл жұмыстардың барлығы «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы әзірлеген жол картасында көрініс тапқан. Межеленген міндеттердің орындалуы партиялық бақылау комиссиясы, партияның мәслихаттағы фракциясы, қатардағы партия мүшелерінің тұрақты қадағалауында.

Leave a reply