ӘРБІР ӨТІНІШ – НАҚТЫ ШЕШІМГЕ ҰЛАСАДЫ

«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында «Құқықтық көмек» жобасы аясында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен арыз-шағымдарын тыңдады.
Қабылдауға келген тұрғындар жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек, инватакси қызметі, санаторийлік емдеу, тұрғын үй және отбасылық мәселелер бойынша сауалдарын жеткізді. Әр өтініш жеке қаралып, заң аясында кеңес беріліп, тиісті бағыттар бойынша шешу жолдары түсіндірілді.
Көпбалалы аналар әлеуметтік төлем алу тәртібі туралы толық ақпарат алып, зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау тетіктері таныстырылды. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға инватакси қызметін ұйымдастыру және гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша нақты шешім қабылданды. Бірқатар тұрғындарға жұмыспен қамту бағдарламалары мен санаторийлік жолдамалар жөнінде түсіндірме беріліп, тиісті өтініштер бақылауға алынды.
Жанат Өтебаеваның айтуынша, мұндай қабылдаулардың басты мақсаты — тұрғындардың өзекті әлеуметтік мәселелерін нақты шешу және мемлекеттік қолдаудың әрбір түрін қолжетімді ету.
«Әрбір өтініш — жеке назарда. Әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету және жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту – біздің басты міндетіміз», – деді ол.
Мұндай кездесулердің маңызын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы айқындайды. Бұл бастама мемлекеттік органдардың ашықтығын арттырып, азаматтардың пікірін ескеруге, олардың нақты сұраныстарына жедел жауап беруге бағытталған.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау алаңы дәл осы қағидатты жүзеге асырып келеді. Әрбір тұрғынның өтініші мұқият қаралып, партия мен жергілікті билік өкілдерінің тұрақты бақылауында болады. Партия халықтың өмір сапасын жақсарту мен әлеуметтік әділдік орнату жолындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды көздейді.













