ТҰРҒЫНДАР ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫНА ӨТІНІШТЕРІН ЖЕТКІЗДІ

0
76

Бүгін «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті. Қабылдауды қала әкімінің орынбасары Ержан Сейтенов жүргізді.

Кездесуге тиісті салаларға жауапты басқарма өкілдері қатысып, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді тыңдады. Азаматтар негізінен кәсіпкерлік, құқықтық қатынастар және қалалық инфрақұрылымға қатысты өтініштерін жеткізді.

Жаңақұрылыс тұрғын алабынан келген Нұрбибі Қоспанова көкөніс өсіру мақсатында жер учаскесін пайдалану үшін рұқсат алу жөнінде өтініш білдірді. Бұл мәселе бойынша Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасының өкілі түсіндірме берді. Оның айтуынша, сұралған жер телімі Ынтымақ шағынауданында орналасқан және бұрынғы кадастрлық нөмір бойынша екі бөлікке бөлінген. Құжаттарда ол тұрғын үй құрылысына арналған жер ретінде тіркелгендіктен, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану мүмкіндігі заң жүзінде қарастырылмаған.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағына сәйкес, Шымкент қаласы аумағынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері берілмейтіні атап өтілді.

Қабылдау барысында тұрғындар құрылыс нысандарына меншік құқығын рәсімдеу, жер актілерін алу және инженерлік инфрақұрылым мәселелерін де көтерді. Әр өтініш бойынша басқарма мамандары заң талаптарына сай түсіндірме берді. Бірқатар мәселелер тиісті мекемелердің бақылауына алынды.

Қала әкімінің орынбасары Ержан Сейтенов партия алаңы арқылы өтетін қоғамдық қабылдаулардың маңызын атап өтті:

«Мұндай кездесулер тұрғындар үшін билікке тікелей өтініш жеткізудің тиімді тетігі. Әрбір азаматтың мәселесі назардан тыс қалмайды. Біз бар күшімізді олардың нақты шешілуіне бағыттаймыз», – деді ол.

«AMANAT» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі осындай жүйелі кездесулердің басты мақсаты – азаматтардың өтініштерін жедел қарау, жауапты органдармен кері байланыс орнату және мәселелердің шешілуіне нақты ықпал ету.

Leave a reply