«Күміс жас» жобасы – өмірлік тәжірибені қоғам игілігіне жарату мүмкіндігі

Жасы 50-ден асқан азаматтар үшін еңбек жолын жалғастырып, жинаған тәжірибесін қоғам игілігіне пайдалану бүгінде мүмкін болып отыр. Мемлекет қолға алған «Күміс жас» жобасы – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Бұл жоба еңбекке қабілетті, алайда зейнет жасына жақындаған азаматтарға тұрақты жұмыс табуға және қоғам өміріне белсене араласуға жол ашуда.
Көптеген мекемелер егде жастағы қызметкерлерді жұмысқа алуға асықпайтындығы жасырын емес. Дегенмен, «Күміс жас» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырып, тәжірибелі мамандарды қайта еңбек нарығына тартуға мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама аясында азаматтар өз саласында немесе жаңа бағытта жұмысқа орналасып, кәсіби және әлеуметтік тұрғыдан белсенді өмір сүруін жалғастыра алады.
Қарнақ ауылының тұрғыны Бахрамов Ділмұрат осы бағдарламаның игілігін көрген азаматтардың бірі. Ол Кентау қалалық Мансап орталығының көмегімен өзіне ыңғайлы, жалақысы тұрақты жұмыс тапқан. Ділмұрат аға жаңа өмірлік кезеңнің басталуына себепші болған орталық қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
«Жақын жерден, өзіме ұнайтын жұмысты табамын деп ойламап едім. Бұл бағдарлама маған екінші тыныс сыйлады», — дейді ол.
Осындай мысалдар «Күміс жас» жобасының тиімділігін дәлелдей түседі. Жоба арқылы көптеген азаматтар өз орнын тауып, еңбек ету арқылы өмір сапасын жақсартып келеді. Бұл бастама егде жастағы адамдардың әлеуетін қоғам дамуына бағыттауға, олардың тәжірибесін жас буынға жеткізуге зор мүмкіндік беріп отыр.












