ТҮРКІСТАН: «БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА САЛҒЫРТТЫҚ ТАНЫТПАУ ҚАЖЕТ» — 2

— «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, балалардың бойындағы дерттің асқынуына жол бермеу тұрғысында ата-аналардың рөлі қандай?
— Әрине, жұмыс бар жерде өз кезегін күткен шаруалар болатыны сөзсіз. Соның ішінде науқастардың дер кезінде емханаға бармауы адам ағзасындағы аурудың асқынуына әкеліп соғады. Сондықтан профилактика, алдын алу мәселелеріне айрықша көңіл бөлінуі қажет. Вакцинация – салауатты ұрпақ қағидасына тікелей әсер ететін әрекет. Иә, қазіргі таңда вакцина қабылдау көрсеткіші өсіп келе жатыр. Бірақ бұл 100 пайыз болуы керек. Өйткені күрделі аурулардың алдын алу барысында вакцинаның тигізетін септігі мол. Ата-аналардың назарына айтар тағы да бір мәселе — аурухананың қабылдау бөліміне балалардың ауруы асқынған кезде келіп жатады. Оның себебін сұрасақ, ата-аналар өздерінің жұмыс уақыты біткен соң, яғни сағат 18.00-ден кейін алып келеді және ауырғанға дейін немесе аурудың белгілері біліне бастаған кезде емханаға бармайды. Барған күнде де емдеуші дәрігерлердің кеңестеріне зейін қойып, назар салмайды. Себебі, емханаға сенімсіздік танытады. Дегенмен қазіргі таңда аурухана секілді емханалардың да деңгейі жоғарылап, қызмет сапасы артып келе жатқанын ескерулері керек. Сондықтан, дер кезінде адамдар аурудың алдын алу үшін емханаға барғаны жөн деп есептеймін. Жалпы ауырмаудың ең басты жолы – профилактикалық тәсілдерге мән беріп, соны мұқият орындау. Сонда ғана салауатты ұрпақ қағидасы өз деңгейінде іске асады деп сеніммен айта аламыз.
— Қайткенде де аурудың алдын алған абзал дейсіз ғой?
— Ол үшін дұрыс тамақтану, қажетті витаминдерді тұтыну, спортпен шұғылдану, вакцина мен прививкаларды уақытында алу және ең басты мәселе жанұяда балаларға жақсы сөз айтып, дұрыс қарым-қатынас орнату денсаулық кепілінің басты шарттары. Денің сау болған сайын сенің келешекте жетістікке жетуің оңайлай түседі деген сөз. Демек баланың қоршаған ортаға белсенді араласуы, оқу қабілетінің жоғарылай түсетінін айта кетуіміз керек.
— Балалы үй базар. Ойын баласы кенеттен ауырып қалады. Салқындап қалуы ықтимал. Осы жағдайда неге мән беру керек?
— Иә, өмір болған соң кейде мұндай жағдай болуы заңдылық. Осындайда не істейміз? Көп жағдайда ата-аналар «менің балама антибиотик салыңдар. Басқа дәрі әсер етпейді», деп жатады. Жалпы адам ағзасындағы асқазан, ішек жолдары иммундық жүйенің 60 пайызын құрайды. Біз антибиотик беріп, ағзадағы микрофлораны жойып тастаймыз. Яғни иммундық жүйені одан сайын әлсіретеміз. Бұл жерде вирустық ауруға антибиотик көмектеспейді дегенді айтқым келеді. Оған жақсылап су беру, екіншіден вирусқа қарсы дәріні қабылдау және жақсы тамақтану керек. Осы үш жолмен жатын бөлменің терезесін ашып, ауа айналдыру қажет. Жоғарыда айтып өттім ғой. Қазіргі таңда еліміздегі медицина саласы жүйелі түрде даму үстінде. Сондықтан мамандардың яғни дәрігерлердің кеңесіне жүгініп, ұсынылған емдеу-сауықтыру талаптарын орындау қажет.
— Бүгінгі таңда дәл осы балалар дәрігерлерінің тапшылығы байқалмай ма?
— Байқалады. Денсаулық сақтау саласында балалар дәрігері қазіргі таңда тапшы мамандықтар қатарында. Дәрігер боламын деп білім алып жатқан студенттердің көпшілігі ересек адамдарды емдеуді жеңіл санап, соған таңдау жасауда.
Шын мәнінде балалар дәрігері екі адамды емдейді десек болады. Неге десеңіз, бірінші біз ауырып келген баланы емдейміз, одан соң оның ата-анасын емдейміз. Бұны былайша түсіндірсек болады. Ауырған бала дәрігерге бойындағы ауырсынуды түсіндіріп, жеткізе алмайды. Сондықтан оған дұрыстап қарап, нақты диагноз қою керек. Сосын емдеу шараларына байланысты баланың ата-анасына жасалатын ем шараларын мұқият түсіндіру қажет. Балалар дәрігері екі адамды емдейді деп отырғаным сол.
Екінші мәселе осындай ауыртпалықтары болған соң бұл саладағы мамандардың еңбекақысы жоғары болуы керек. Әлеуметтік жағдайларына қатысты мемлекет тарапынан айтарлықтай жеңілдіктер жасалуы керек. Сонда ғана педиатрия саласына мамандар тарта аламыз. Жалпы алдағы он-он бес жыл көлемінде дені сау ұрпақ қалыптастырамыз десек педиатрия саласының білікті мамандарын даярлауға бүгіннен бастап кірісуіміз қажет. Бұл жерде жұмыс жоқ дей алмаймын. Дегенмен осы бағытқа қарқын қосуымыз керек деп есептеймін.













