ТҮРКІСТАН: «БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА САЛҒЫРТТЫҚ ТАНЫТПАУ ҚАЖЕТ» — 3

— Ойыңызға қосыламын. Ал, еліміздегі көп науқастардың дертіне шипа іздеп көршілес Өзбекстан мемлекетіне баруының себебі неде деген мәселеге маман ретінде не айтасыз?
— Денсаулық сақтау жүйесінде медициналық қызмет көрсету, соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдақтармен қамтылуы оның нәтижесі бойынша Орталық Азияда Қазақстан бірінші орында тұр. Осындай көш басында тұрған мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибелерді меңгеру үшін Өзбекстан, Қырғызстан секілді көршілес мемлекеттерден мамандар келіп семинарларға қатысуға ниет білдіріп, біліктілігін арттырып кетіп жатыр. Екіншіден жақын аралықта сіз айтып отырған Өзбекстан Республикасында Қазақстанның Өзбекстандағы денсаулық сақтау күндері атты іс-шарасы аясында еліміздің білікті дәрігерлері бауырлас мемлекеттің бірнеше медициналық орталықтарында арнайы оталар жасап, кеңестер мен мастер класстар өткізді.
Енді неге біздің елден науқастар Өзбекстанға барады деген сұраққа келсек. Мен өз әріптестерімді кемсіткенім емес. Шын мәнінде науқасқа арнайы уақыт бөліп, дұрыс сөйлесе алмаймыз. Бұны мамандардың кемшілігі деуге болмайды. Жалпы қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің жаңа бағыттарға өтіп жатқан кезеңі деп қарастырсақ дұрыс болады. Жаңадан енгізіліп жатқан заңнамалар, заман көшіне лайықты цифрлық жүйелер секілді жаңашылдықтарға қадам жасап жатқан кездегі талаптарды игеру жолында мамандарымыз толық үлгере алмай жатыр дегеніміз дұрыс шығар. Осының салдарынан науқасқа өз деңгейінде уақыт бөлінбеуде. Ал, Өзбекстанға барған науқастарымыздың әр қайсысына кемінде 40 минут тіпті 1 сағат уақыт бөлінеді. Бұның бірінші себебі ақылы болғанында. Сіз ақысын төлеген соң олар сізге мейлінше сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Емделушіге ең алдымен жылы сөз және дәрігермен дұрыс қарым-қатынас керек. Өзіңіз мазасызданып, дертіңізге шипа іздеп келгенде дәрігер сіздің көңіліңізді табуға тырысып жатса көңіліңіз жадырап қалмай ма? Дәл осы мәселеде біздің мамандардың көршілес елдегі әріптестерге жол беріп жатқаны жасырын емес. Дегенмен біз де осы мақсатта арнайы жұмыс жасап жатырмыз. Әсіресе науқастармен сөйлесу тұрғысында келер жылы кезеңімен арнайы семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, дәл қазіргі жұмыс барысында да медициналық қызметті тұтынушылармен жылы байланыс орнатуға қатысты жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.
— Сөзіңіздің басында «IT маманы боламын деп медицинаған түстім» дедіңіз. Жалпы бұл салаға бетбұрыс жасауыңызға не себеп болды?
— Мектеп қабырғасында жүріп IT маманы боламын деген арманның жетегінде математика-физика пәндеріне дайындалдым. Сөйтіп білім ұясынан түлеп ұшар сәтте әкем кенеттен инсульт алып жатып қалды. Соңғы қоңырауға да қатыса алмадым. Бірақ мектепті қазіргі үздік, біздің кездегі «қызыл аттестатқа» бітірдім. Сонымен, жоғары оқу орнына тапсыруға бір ай қалғанда туыстарым «сен әкеңе қарайтын дәрігер бол» деп қолқа салып, күтпеген жерден медицина саласына ойыстым. Сөйтіп 1999 жылы бір ай ішінде химия-биология пәні бойынша емтиханға дайындалып (ол кезде ҰБТ деген жүйе енді енгізіліп жатқан болатын), дайындығыма аз уақыт жұмсағаным және жаңа жүйе бойынша дұрыс жауаптарды белгілеу тәртібінен қателескенім себепті ақылы оқуға түстім. Дегенмен оқу үлгерімім жақсы болды да бірінші курстан соң грантқа ауыстым.
Міне осылай бастау алған оқуымды бітіріп, арада бір жыл өтпей білімімді жетілдіру үшін 2005 жылы Израилге оқуға түстім. Онда бір жылдан астам уақыт оқып, Польшаға кеттім білім алуға. 2009 жылдан бастап елімізде медицина саласындағы нақты еңбек жолым бастау алды. Осы аралықта яғни 2009 жылдан бастап 2016 жылға дейін әр жылы бір ай көлемінде өз есебімнен Израильде білімімді жетілдіріп отырдым. Соның арқасында жаратқанның қолдауымен мен осы күні әлемдегі ең озық елдерде жасалатын ота түрлерінің бір-екеуінен басқа түрлерінің барлығын жасай аламын.
Бұны айтып отырған себебім, кейінгі толқын жастар қай салада болмасын бірінші білім алуға күш жұмсауы керек деп есептеймін. Сонда ғана үлкен табыстарға қол жеткізе алады.
— Осы күнге дейін қанша ота жасадыңыз?
— 2011 жылдан бастап балаларға жүректің тума ақаулары бойынша бүгінгі күнге дейін 2216 ота жасадым. Бұдан бұрын ересек адамдарға да ота жасағанмын.
— Қазір өзіміз де орта буын өкілдеріне айналдық. Алеке, енді жас буынға тағы да айтар тілегіңіз бар ма?
— Өзімнің өмір жолымнан жастарға айтарым, оқуымды бітіріп, саладағы қызметімді бастаған алғашқы жылдарда сол кездің тренді «опель вектра» көлігін алатын қаржы жинадым. Бірақ мен ол ақшаны кардиохирургқа ота жасау кезінде қажетті жабдық бірнеше есе ұлғайтып көрсететін көзілдірік сатып алдым, шетелден және білім алуға жұмсадым. Содан бастап, кешегі 2017 жылға дейін мен жаяу жүрдім. Есесіне бүгінгі таңда қатарымнан кем емеспін. Әр жылымның бір ай уақытын өз есебімнен білімімді жетілдіруге арнаймын. Қай салада болмасын білім алып, өзіңді осы заманның талабына сай маман болуға күш салсаң, ол сенің бірнеше қабатты зәулім үй салуға төтеп бере алатын іргетас қалағаның деп есептеймін.
Сондықтан әрбір жас баянды ғұмыр кешуді армандаса, ол арманға апаратын жол — көп ізденіс пен терең білім алуды қажет етеді. Сенің алған білімің, өз ісіңе жауапкершілікпен қарауың – алдағы өміріңнің кепілі.
Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!
Мәлік ДӘУЛЕТОВ.












