Ордабасы ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы басты назарда

Ордабасы ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысын қадағалау, халықтың ұсыныс-тілегін назарға алу және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев «Темірлан» саябағында өткен тал егу шарасынан кейін ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен бірге Темірлан елді мекеніндегі бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Бұл кездесу тек нысандарды бақылау ғана емес, қоғам өкілдерімен ашық диалог орнатуға бағытталған мазмұнымен ерекшеленді.
Аралау бағдарламасы алдымен Қажымұқан көшесінде жаңадан салынған балалар ойын алаңшасынан басталды. Заманауи талаптарға сай жобаланған бұл алаңша балалардың қауіпсіз әрі көңілді уақыт өткізуіне жағдай жасайды. Мұнда резеңке төсеніш, түрлі ойын элементтері, жарықтандыру жүйесі және демалыс аймақтары орнатылған. Алаңның толық іске қосылуы Темірлан тұрғындары, әсіресе балалар үшін маңызды қуаныш сыйлап, елді мекендегі негізгі демалыс орнына айналып келеді.
Бұдан кейін сапар Самал мөлтек ауданында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңында жалғасты. Аудан басшысына нысандардың инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу барысы, құрылыс материалдарының сапасы және мердігер ұйымның жұмыс қарқыны таныстырылды. Сонымен қатар тұрғын үйлердің жанынан салынатын жаңа аллеяның жобасы көрсетілді. Аллея тұрғындар үшін жайлы серуен аймағы ретінде жоспарланып, оның аумағында жаяу жүргінші жолдары, жарық шамдары, көгалдандыру жұмыстары және арнайы отыратын орындар қарастырылған.
Аудан әкімі Азат Оралбаев нысандарды аралау барысында ардагерлер мен зиялы қауымның пікірін тыңдап, олардың ұсыныстарын ерекше мән бере қабылдады. Қоғам өкілдері әлеуметтік нысандардың сапалы салынуы және олардың тиімді пайдалануға берілуі тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы маңызды фактор екенін атап өтті. Аудан басшысы да бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы халықтың игілігі үшін жасалып жатқанын жеткізді.
Аталған шара елімізде қалыптасқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жүзеге асуының бір көрінісі болды. Жергілікті билік өкілдерінің ардагерлермен және зиялы қауыммен ашық пікір алмасуы, олардың ұсыныстарын тыңдап, нақты шешімдер қабылдауы — осы ұстанымның басты қағидаларының орындалуын айқын көрсетеді. Халықтың талап-тілегіне дер кезінде жауап беру, елді мекендердегі проблемаларды бірге шешу — билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, ортақ дамуға жол ашады.
Аудан әкімі жүргізіліп жатқан әрбір жоба тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтіп, атқарылатын жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалау жалғаса беретінін жеткізді. Ордабасы ауданындағы мұндай кездесулер қоғаммен байланыс деңгейінің жоғары екенін көрсетіп, өңірдің тұрақты дамуына үлес қосатыны сөзсіз.












