ОРДАБАСЫ: ЖЕҢІС ЖӘНЕ БӨГЕН АУЫЛ ОКРУГТЕРІНДЕ КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

0
30

Ордабасы ауданында халықпен тығыз байланыс орнату және жергілікті мәселелерді ашық талқылау дәстүрі жалғасуда. Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Жеңіс және Бөген ауыл округтерінде болып, тұрғындармен кезекті есепті кездесу өткізді. Кездесулерде ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдарда атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар кеңінен таныстырылды. Ашық форматта өткен жиындарға ауыл ақсақалдары, жастар, жауапты бөлім басшылары және жергілікті тұрғындар қатысты.

Алдымен Жеңіс ауыл округіндегі кездесу өтті. Мұнда тұрғындардың өзекті мәселелері көтеріліп, нақты ұсыныстар тыңдалды. Округтің 2025 жылға бекітілген бюджеті 70 млн 835 мың теңгені, өзіндік кірістері 35 млн 082 мың теңгені құрап отыр. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан ұсынылған 4 мәселенің 3-еуі шешімін тапса, бір мәселе бақылауда қалды.

Ауылдағы ең маңызды бағыттардың бірі — суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда “Р-6” каналының 7 шақырымын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 270 млн теңге, мердігер мекеме — “СМУ-17” ЖШС. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Бұған дейін, 2022 жылы каналдың 3 шақырымы бетондалған болатын. Округ бойынша жалпы 3 859 гектар суармалы алқапты қамтамасыз ететін 5 канал бар, оның 17,3 шақырымы механикалық тазартудан өтті. Сонымен қатар, 650 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізіліп, ауыл шаруашылығы тиімділігі артты.

Инфрақұрылым саласында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Дихан ауылына жаңа ойын алаңшасы салынып, көшелерге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Табиғи газбен қамту бағытында да оң өзгерістер бар — газ құбырларына мемлекеттік акт рәсімделіп, тиісті құжаттар дайындалды. “Таза су” мекемесі ауызсу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтаса, “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС инвестициялық бағдарлама аясында 3,5 шақырым электр желісін жаңғыртып, трансформаторларды толық ауыстырды.

Келесі кездесу Бөген ауыл округінде жалғасын тапты. Бұл округтің биылғы бюджеті 79 млн 548 мың теңгені құраса, өзіндік кірістері 19 млн 530 мың теңгені құрайды. Жыл басынан көтерілген 4 мәселенің 2-еуі шешімін тауып, қалғандары бақылауда. Бөген ауылында 4 363 гектар суармалы жер бар. Соның ішінде Р-1 және ЛБК каналдарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, күрделі жөндеу жұмыстары басталды. ЛБК каналының 4,2 шақырымы механикалық тазартудан өтті. Сонымен қатар, биыл ауылда 20 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізілді.

Тұрғындар кездесуде денсаулық сақтау сапасын жақсарту, көше жарығы, жолдарды асфальттау, мәдениет үйінің қоршауын салу, жайылым тапшылығы сияқты мәселелерді көтерді. Аудан әкімі әр сауал бойынша тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырма беріп, ауыл тұрғындарының өтініштері назардан тыс қалмайтынын айтты.

Бұл кездесулер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аудан деңгейінде жүйелі жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсетеді. Тұрғындардың өтінішіне дер кезінде жауап беру, пікірлерін тыңдау және әр мәселені шешуге бағытталған нақты қадамдар — жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді арттырудың негізі.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Азат Оралбаев қоғамдық жауапкершілікке тоқталып, ауылдың тазалығы, көгалдандыру және ортақ іске үлес қосу — әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті. Осындай ашық кездесулер ауылдардың дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нәтижелі болуына жол ашуда.

Leave a reply