М. ТҰРЫСБЕКОВ: «ЖОЛ, АУЫЗ СУ, СПОРТ, ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ СЕРПІН – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ»

Созақ ауданында соңғы уақытта әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе құрылыс, жол, спорт, мәдениет және ауызсу салаларындағы оң өзгерістер айқын көрінуде. Тұрғын үй құрылысының да қарқыны артып отыр. 2024 жылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 48 тұрғын үй берілсе, биыл бұл көрсеткіш еселенуде. Қазіргі таңда екі қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, әрқайсысында 8 пәтерден орналасқан жаңа үйлер пайдалануға дайын.
Сонымен бірге екі пәтерлі 26 үйдің құрылысы тәмамдалып, Жеткіншікте 76 пәтерлі жаңа үйлер қоныстанушыларды қабылдауға әзір тұр. Барлық үйлер заманауи талаптарға сай салынған. Травертинмен қапталып, жылу және су жүйелері толық тартылған. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталған.
Демеушілер қолдауымен апатты үйдің орнына «Жаңғырту» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан 16 пәтерлі екі қабатты үй де жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Жалпы, биыл ауданда 92 пәтерлі жаңа тұрғын үйді ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр.
Мәдениет үйлері мен демалыс орындары да жаңарып келеді. Аудан орталығындағы «Жастар саябағында» жыл соңына дейін Арбат пайдалануға беріледі. Бұл жоба жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жаңа мүмкіндік сыйлайды. Мәдениет саласында да алға жылжу бар. Аудандық кітапхананың жаңа ғимараты салынып жатыр. Биыл 9 елді мекендегі мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, ауылдарда жаңа саябақтар ашылып, бұрынғы демалыс аумақтары кезең-кезеңімен қайта жаңғыртылуда.
Спорт саласы серпінді дамуда. Жақында ауданда 200 орындық жаңа спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Оның ерекшелігі – ішінде заманауи бассейннің, футбол, волейбол, баскетбол, бокс, күрес және жаттығу залдарының болуы. Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында биыл Қозмолдақ ауылында жабық футбол алаңы пайдалануға берілді. Ал Шу, Тасты, Жуантөбе, Жартытөбе және Құмкент ауылдарында дәл осындай нысандар салынуда. Аудан орталығындағы «Достар» стадионы жаңғыртылды. Созақ ауылында спорттық-сауықтыры кешені салынуда. Ауылдарда жаңа кіші футбол алаңдары, балалар ойын және шынығу алаңдары көптеп ашылуда.
Жол құрылысында да биыл аудандық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі екі есеге артты. Соның нәтижесінде ұзындығы 66,4 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелерге асфальт төсеу және қиыршық тас салу жұмыстары орындалды. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қосымша 14,2 шақырымды құрайтын 12 көше жаңартылып, толық асфальтталды. Келер жылы ішкі жолдарды 100 пайыз асфальтпен қамту жоспарлануда. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының күнделікті қатынасын жеңілдетуге бағытталған.












