Шымкентте тоқыма өнеркәсібі дамиды

0
136

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов «TDL Textile» компаниясының құрылтайшысы Р.Петровты қабылдады. Аталған компания – табиғи маталар, үй тоқымасын және медициналық өнімдерді өндіретін ресейлік жетекші кәсіпорындардың бірі. Иваново, Кострома және Мәскеу облыстарында 5500-ден астам қызметкері бар.

Кездесу барысында тараптар Шымкентте тоқыма өнеркәсібін дамыту жайын сөз қылды.

– Шымкент – инфрақұрылымы қарқын алған, табиғи және еңбек ресурстарына бай, Қазақстанның экономикасы дамыған үшінші мегаполисі. Қала Орталық Азияда инвестициялар мен технологияларды тартудың жаңа орталығына айналуы үшін зор әлеуетке ие. Өңірлік бөліністе қаланың жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 9,6 млрд. теңгені құрап (жыл басынан бастап), елімізде бірінші орын алып, өткен жылмен салыстырғанда 134,1%-ға ұлғайды. Қала өндірісінің жалпы көлеміндегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 3,9 пайызды, елдегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 20,7 пайызды құрайды, – деген қала әкімі жаңа жобаларды бірлесе жасауға шақырды.

Ал, ресейлік кәсіпкер «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Azala Cotton» тоқыма фабрикасының жұмысымен танысқанын айта келе, бірлесе жұмыс істеуге мүдделілік танытатынын білдірді.

Айта кетейік, аумағы 200 гектарды алып жатқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 2005 жылы құрылған болатын. Бүгінде экономикалық аймақтың аумағында инвестиция көлемі 42,95 млрд. теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылуда. 2293 тұрақты жұмыс орны ашылған. Резиденттер үшін тегін жер учаскесі, жер салығын, мүлік салығын және корпоративтік табыс салығын төлеуден босату түрінде инвестициялық жеңілдіктер мен преференциялар көзделген.

100 пайыз инфрақұрылыммен қамтылған. Сондай-ақ, АЭА аумағында сумен жабдықтау және электр энергиясына тарифтер Шымкент қаласында жалпы белгіленген тарифтерден айтарлықтай төмен екенін атап өткен жөн.

Leave a reply