
Түркістан облысында әскери-патриоттық тәрбие жүйелі түрде дамып келеді. «Айбын», «Жас сарбаз», «QAISAR» сияқты жобалар, әскери бөлімдермен бірлескен оқу-жаттығулар, әскери-патриоттық клубтардың қызметі және жастарға арналған танымдық іс-шаралар жас буынның бойында елжандылық, тәртіп, жауапкершілік және Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін қалыптастыруға үлкен үлес қосуда. Осындай бастамалар арқылы өңірде болашақ Отан қорғаушыларын тәрбиелеудің тиімді жүйесі қалыптасып, әскери қызметтің қоғамдағы беделі арта түсуде. Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, әскери қызметтің беделін арттыру және әскери-патриоттық тәрбиені дамыту – мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Түркістан облысында жастарды әскери қызметке баулуға, олардың физикалық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі жобалар мен әскери-патриоттық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Солардың ең ауқымдыларының бірі – жыл сайын өткізілетін «Айбын» әскери-патриоттық жиыны.
Биыл Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағындағы «Даңқ» алаңында «Айбын – 2026» облыстық әскери-патриоттық жиынының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды шараның басты мақсаты – жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, олардың бойында елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру, әскери қызметке қызығушылығын арттыру, дене даярлығын жетілдіру және әскери-патриоттық тәрбиені күшейту.
Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері, облыстық білім басқармасы, Қорғаныс істері жөніндегі департамент, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері кеңесінің мүшелері, облыстық «Жастар ресурстық орталығы», «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері, әскери бөлімдердің қызметкерлері, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушылары, білім беру ұйымдарының оқушылары мен студенттері қатысты. Жалпы іс-шараға 350-ге жуық жас сарбаз бен жетекші қатысты.
Жиын әскери фанфардың сүйемелдеуімен басталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде енгізілді. Одан кейін Мемлекеттік Әнұран орындалып, қатысушылар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті. Бұл рәсім жастардың бойындағы елге деген құрмет пен патриоттық сезімді нығайта түсті.
Іс-шара барысында Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов қатысушыларды құттықтап, мұндай әскери-патриоттық жобалардың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, «Айбын» – жастардың әскери дайындығын жетілдіретін жарыс қана емес, елге қызмет етуге тәрбиелейтін үлкен өмір мектебі.
«Айбын – 2026» жиыны бірнеше күнге жоспарланған. Осы уақыт аралығында қатысушылар әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша өзара бақ сынап, саптық дайындық, әскери эстафета, кедергілер жолағынан өту, алғашқы медициналық көмек көрсету, әскери топография, қаруды бөлшектеу және жинақтау, интеллектуалдық сайыстар мен патриоттық шығармашылық байқауларға қатысады. Сонымен қатар командалық жұмыс, көшбасшылық қасиет және шешім қабылдау қабілетін дамытуға арналған түрлі тапсырмалар орындалады.
Мұндай жарыстар жастардың тек физикалық мүмкіндігін ғана емес, олардың ұйымшылдығын, төзімділігін, тәртіпке бағынуын және жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Әскери-патриоттық жиын барысында қатысушылар түрлі әскери мамандықтардың ерекшелігімен танысып, әскери қызметтің қоғамдағы орны мен маңызын тереңірек түсінеді.
Түркістан облысында әскери-патриоттық тәрбиені дамыту бағытындағы жұмыстар жыл сайын кеңейіп келеді. Өңірдегі білім беру ұйымдарында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары белсенді жұмыс істейді. Бұл клубтарда мыңдаған оқушы алғашқы әскери дайындық, саптық машық, азаматтық қорғаныс, алғашқы медициналық көмек көрсету, әскери топография және төтенше жағдайларда әрекет ету негіздерін меңгеруде.
Соңғы жылдары облыста «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы табысты жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба аясында жастар арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстар, патриоттық форумдар, көшбасшылық сабақтары, тактикалық ойындар мен далалық оқу-жаттығулар өткізіліп, жас буынның әскери қызметке қызығушылығы артып келеді.
Сонымен қатар Түркістан облысындағы «Дарбаза» және «Орда» оқу полигондары базасында жастарға арналған танымдық экскурсиялар, әскери бөлімдердің «Ашық есік» күндері, оқу-атыс жаттығулары және әскери техникалардың көрмелері ұйымдастырылуда. Мұндай іс-шаралар оқушылар мен студенттерге әскери өмірдің ерекшеліктерін жақыннан танып-білуге мүмкіндік береді.
Өңірде Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні, Республика күні және Конституция күні қарсаңында ардагерлермен кездесулер, патриоттық форумдар, әскери шерулер, әскери оркестрлердің концерттері мен әскери-патриоттық акциялар өткізу дәстүрге айналған. Бұл шаралар жастардың тарихи санасын қалыптастырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің беделін арттыруға ықпал етеді.
«Айбын – 2026» әскери-патриоттық жиыны – әскери қабілетті сынайтын жарыс қана емес, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыратын, достық пен ұйымшылдықты нығайтатын, көшбасшылық қасиеттерді дамытатын маңызды алаң. Осындай жобалар арқылы өскелең ұрпақ Отанға адал қызмет етудің маңызын түсініп, ел тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қорғауға дайын азамат ретінде қалыптасады.












