ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН БИЫЛ 6 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ ӘСКЕРГЕ АТТАНАДЫ

0
17

Ел қорғанысын нығайту – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі. Ал әскери борышын өтеу – әрбір азаматтың конституциялық міндеті әрі Отан алдындағы қасиетті парызы. Осы бағытта Түркістан облысында жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру және әскерге шақыру науқанын сапалы ұйымдастыру бойынша кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Биыл Түркістан облысынан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне шамамен 6 мыңға жуық жас азамат мерзімді әскери қызметке шақырылмақ. Бұл – өңірдегі көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқандары аясында жүзеге асырылатын маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі.

Түркістан облысына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов іссапармен келіп, шақыру комиссиясының мүшелерімен кеңес өткізді. Кеңеске Қорғаныс істері жөніндегі департамент, Полиция департаменті басшылары, денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық даму, жұмылдыру басқармаларының өкілдері, сондай-ақ аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары бейне байланыс арқылы қатысты. Жиын барысында 2026 жылғы көктемгі шақыру науқанын өткізу алдында көктемгі шақыру науқанын ұйымдастыру және өткізу кезінде шақыру пункттерінде бірыңғай тәсілдер мен талаптарды әзірлеу, шақыру комиссияларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары, әскерге шақыру жұмысы кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру бағыттары жан-жақты талқыланды. Мерзімді әскери қызметті ұйымдастыру жұмыстарын оңтайландыру және сапалы жүзеге асыру аясында бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды. Жастармен тәрбиелік жұмысты мектеп қабырғасынан бастап жүйелі жүргізу қажеттігі ерекше атап өтілді. Осыған дейін 2025 жылы Түркістан облысы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен өзге де әскерлер және әскери құралымдарды жасақтау жоспарын толық орындап, олардың қатарын 5 мыңға жуық жас сарбазбен толықтырды. Ал 2026 жылы шамамен 6 мың азаматты әскер қатарына шақыру жоспарланып отыр.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметінше, әскерге шақыру жұмыстары аудандық және қалалық шақыру комиссияларының қатысуымен қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылуда. Әскерге шақырылушылардың денсаулық жағдайын анықтау мақсатында медициналық тексерулер жүргізіліп, олардың әскери қызметке жарамдылығы жан-жақты бағалануда. Сонымен қатар жастардың психологиялық дайындығына, білім деңгейіне және мамандықтарына да ерекше көңіл бөлінеді.

Соңғы жылдары Түркістан облысында жастар арасында әскери қызметтің беделін көтеру мақсатында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындары мен колледждерде әскери қызметтің артықшылықтары жөнінде кездесулер ұйымдастырылып, әскери қызметшілер, ардагерлер және құқық қорғау органдарының өкілдерімен ашық диалог алаңдары өткізілуде. Бұл кездесулерде жастар әскери қызметтің маңыздылығы, әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктері, келісімшарт негізіндегі қызмет және әскери мамандықтардың болашағы туралы жан-жақты ақпарат алады.

Облыста әскери-патриоттық тәрбиені дамыту бағытында дәстүрлі түрде «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының іс-шаралары, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдерінің қатысуымен оқу-әдістемелік семинарлар, әскери бөлімдерге экскурсиялар мен Ашық есік күндері ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралар жастардың әскери өмірмен жақынырақ танысуына және олардың бойында елге қызмет ету жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.

Әсіресе, Түркістан облысында орналасқан әскери бөлімдер мен оқу-жаттығу полигондарында өткізілетін тактикалық оқу-жаттығулар, қару-жарақ пен әскери техникалардың көрмелері жас буынның қызығушылығын арттырып отыр. Әскери бөлімдердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысу, сарбаздардың тұрмыс жағдайын көру жастардың әскери қызмет туралы дұрыс көзқарас қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өңірде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Ауған соғысы ардагерлерінің және халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысқан әскери қызметшілердің қатысуымен ерлік сабақтары өткізіліп келеді. Бұл кездесулер барысында жас ұрпаққа Отанға адал қызмет етудің маңызы түсіндіріліп, әскери борыштың қасиетті міндет екендігі насихатталады.

Түркістан облысында әскери есепке алу жүйесін жетілдіру және цифрландыру бағытында да жұмыстар атқарылуда. Әскерге шақырылушылардың деректерін жаңарту, шақыру науқанының ашықтығын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жетілдіру арқылы ұйымдастыру жұмыстарының тиімділігі артып келеді.

Мерзімді әскери қызметті өткерген жастар үшін мемлекет тарапынан қарастырылған әлеуметтік қолдау шаралары да әскери қызметтің тартымдылығын арттыруда. Бүгінде әскери борышын өтеген азаматтарға жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер қарастырылған, әскери қызмет барысында алған тәжірибе мемлекеттік қызмет пен күштік құрылымдарға жұмысқа орналасуда маңызды артықшылықтардың бірі саналады. Сонымен қатар сарбаздарға әскери дайындықпен қатар түрлі мамандықтар бойынша дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріледі.

Әскерге шақыру науқаны кезінде заң талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады. Шақыру комиссияларының жұмысы ашық жүргізіліп, жастар мен олардың ата-аналарына құқықтық кеңестер беріледі. Медициналық комиссиялардың қорытындылары объективті қаралып, азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріледі.

Бүгінде Түркістан облысында жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы айқындаған ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін күшейту міндеттерін жүзеге асыруда өңірдің де үлесі зор. Биыл әскер қатарына шақырылатын 6 мыңға жуық жас азамат – еліміздің қорғаныс әлеуетін нығайтып, Қазақстанның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жолында қызмет ететін болашақ сарбаздар. Сондықтан оларды сапалы даярлау, әскери қызметтің беделін арттыру және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру – қоғам мен мемлекеттің ортақ міндеті болып қала береді.

 

Leave a reply