САЙРАМ АУДАНЫНДА АНА МЕН БАЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ – ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСЫМ БАҒЫТЫ

0
43

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы — халқы тығыз орналасқан, демографиялық өсімі жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан мұнда ана мен балаға қамқорлық пен қолдау шаралары мемлекет тарапынан ерекше назарда. Соңғы жылдары аудан аумағында әлеуметтік қорғау, медициналық көмек пен инфрақұрылым бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Медициналық және психологиялық қолдау

Ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда медициналық қызметтің сапасы жақсаруда. Жүкті және жаңа босанған әйелдерге арналған перзентханалар мен емханалар заманауи құралдармен жабдықталған. Ауылдық елді мекендерге мобильді медициналық бригадалар барып, аналар мен сәбилерге профилактикалық қызмет көрсетеді. «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығы» арқылы тұрмыстық қиындық көріп жүрген әйелдерге тегін психологиялық және заңдық кеңес беріледі.

Бұл орталық отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, аналарды қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған.

 Отбасын қолдау орталығының ашылуы

Былтыр ашылған «Отбасын қолдау орталығында» 10-нан астам маман жұмыс істейді. Мұнда аналар мен отбасыларға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек тегін көрсетіледі. Сондай-ақ кеңес беру, еңбекке орналастыру, дағдарыс жағдайынан шығуға жәрдем беру қызметтері бар.

Бұл бастама — аудан тұрғындарына көрсетілетін әлеуметтік көмекті бір орталықтан жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

 Тұрғын үй және әлеуметтік жәрдемақылар

Ауданда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламалары да қарқын алып келеді. 2025 жылы аудан бойынша 32 көпбалалы отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Мемлекеттік жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмек тұрақты түрде төленуде. Жүктілік пен босануға, бала күтіміне байланысты төлемдер бар. Сонымен қатар, көпбалалы аналарға «Алтын алқа», “Күміс алқа” төсбелгілері табысталып, олардың қоғамдағы мәртебесі мен еңбегіне ерекше құрмет көрсетілуде.

 Балаларға арналған инфрақұрылым

Сайрам ауданында соңғы жылдары балалаларғ арналған инфрақұрылымды реттеу қарқын алған. Атап айтқанда, жаңа балабақшалар мен мектептер ашылып жатыр. Ерте жастағы балалардың дамуына жағдай жасайтын тәрбие және білім беру бағдарламалары кеңеюде. Арнайы инклюзивті сыныптар мен логопед, дефектолог қызметтері жолға қойылған.

Бұл шаралар балалардың тең мүмкіндікке ие болуына және аналардың жұмысқа оралуына жағдай жасайды.

Құқықтық қорғау және қауіпсіздік

Аудандық ішкі істер органдарымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілген. Аналар мен балаларға арналған сенім телефондары мен дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Қиын жағдайға тап болған әйелдерге уақытша баспана ұсынылады.

Қорыта келе, Сайрам ауданында ана мен балаға жасалып жатқан жағдай тек материалдық көмекпен шектелмейді. Ана мен балаға жағдай жасау — медициналық қызмет, құқықтық қорғау, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды дамыту және отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді саясат. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдегі аналардың өмір сапасын жақсартып, салауатты ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік беруде.

Leave a reply