
Түркістан облысында жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, отандық тауарларды ішкі және халықаралық нарықтарға шығаруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағыттағы маңызды алаңдардың бірі – Түркістан қаласында өткен «MADE IN TURKISTAN: EXPORT 2026» өңірлік экспорттық кеңесі. Басқосуда кәсіпкерлердің өнім өткізу мүмкіндіктерін арттыру, сауда арналарына шығу, экспорттық әлеуетті күшейту және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ұлттық компаниялардың, сауда алаңдарының өкілдері мен өңір кәсіпкерлері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – өндірілген тауарларды тұтынушыға жеткізудің тиімді жолдарын анықтап, бизнес өкілдеріне нарыққа шығудың нақты тетіктерін ұсыну. Бұл ретте өнімнің сапасы ғана емес, оның қаптамасы, бағасы, тұрақты жеткізілімі, логистикасы және белгіленген стандарттарға сәйкестігі де маңызды екені атап өтілді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,2 пайызға өскен. Экспорт көлемі 36,5 пайызға артып, 1,2 млрд АҚШ долларына жетті. Соңғы үш жылда өңір экспорты 142 пайызға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларын құраған.
Бұл көрсеткіштер Түркістан облысында өндіріс көлемінің ұлғайып, кәсіпкерлік белсенділіктің артқанын көрсетеді. Өңір тауарларының географиясы да кеңейіп келеді. Бұған дейінгі негізгі бағыттармен қатар, жергілікті кәсіпкерлер Қытай, Ресей, Орталық Азия мемлекеттері, Түркия, Иран және Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігін қарастыруда. Алдағы міндет – экспорт көлемін көбейтумен бірге оның құрылымын өзгертіп, шикізатқа тәуелділікті азайту. Яғни өңделген, қосылған құны жоғары тауарлардың үлесін арттыру көзделіп отыр.
Түркістан облысының агроэкспорттық әлеуеті де жоғары. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сиыр еті экспортының 80 пайызы, қой еті экспортының 75 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі болған. Сонымен бірге облыс жеміс-көкөніс өнімдерін сыртқы нарыққа шығару көлемі бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Бұл өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндігінің мол екенін көрсетеді.
Бүгінде Түркістаннан уран, мақта және мақта талшығы, өсімдік майы, сусындар, балық өнімдері, тоңазытқыштар, трансформаторлық жабдықтар, жиһаз және басқа да тауарлар шетелге жөнелтіледі. Өндірілетін өнім түрлерінің көбеюі облыстың экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Әсіресе шикізатты өңдеп, дайын өнім шығару бағытындағы кәсіпорындардың көбеюі өңір үшін стратегиялық маңызға ие.
Экспорттық кеңесте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шаралары да таныстырылды. Ұйым өкілдері қазіргі нарық жағдайында өнім өндірумен қатар, оны тиімді өткізу, тұрақты жеткізу жүйесін қалыптастыру, заманауи қаптама қолдану және сауда серіктестерінің талаптарына сай болудың қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты кәсіпкердің алғашқы өндіріс кезеңінен бастап тұрақты экспортқа шығуына дейінгі жолын қамтитын бірыңғай қолдау жүйесін қалыптастыру ұсынылды.
Отандық өнімдерді ілгерілету мақсатында «Атамекен» ҰКП мен Сауда және интеграция министрлігі бірлесіп «Қазақстанда жасалған» брендімен кешенді бағдарлама жобасын әзірлеген. Оның негізгі бағыттарына ішкі нарыққа шығу, өнімді стандарттау, ұлттық брендті таныту және экспорттық қолдау шаралары кіреді. Бұл бастама Түркістан кәсіпкерлеріне де өз тауарларын кең көлемде таныстыруға және жаңа өткізу арналарына шығуға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлерді қолдау жүйесінде әр институттың өзіндік міндеті бар. «ҚазСтандарт» өнімдердің белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар атқарса, QazTrade кәсіпорындарға перспективалы сыртқы нарықтарды анықтауға және өнімді шетелде ілгерілетуге көмектеседі. «KazakhExport» экспорттық-кредиттік агенттігі тәуекелдерді сақтандыру құралдарын ұсынады. Қазақстанның Даму Банкі ірі инвестициялық және экспортқа бағдарланған жобаларды қаржыландыруға қатысады. Ал «Даму» қоры кәсіпкерлерге субсидиялау, жеңілдетілген несие және кепілдік беру тетіктері арқылы қолдау көрсетеді.
Кеңестің маңызды бөлігі отандық тауарларды ірі сауда желілері мен электрондық коммерция алаңдары арқылы өткізуге арналды. Magnum E-commerce, «Скиф Трейд» ЖШС және Wildberries өкілдері кәсіпкерлерге өздерінің сауда платформаларына шығу мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл жергілікті өндірушілер үшін дәстүрлі сауда орындарынан бөлек, цифрлық нарықты пайдалануға жол ашады.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді де ортаға салды. Атап айтқанда, шекарадағы рәсімдерді жеделдету, тез бұзылатын өнімдер тасымалдайтын рефрижераторларға басымдық беру, электрондық кезекті жетілдіру, экспорттық тәуекелдерді сақтандыру және сыртқы нарыққа шығуды қаржылай қолдау мәселелері көтерілді. Тиісті мекемелердің өкілдері қойылған сұрақтарға жауап беріп, қолданыстағы мемлекеттік құралдарды пайдалану тәртібін түсіндірді.
Жиын қорытындысында Түркістан облысындағы кәсіпорындарды экспортқа жүйелі түрде дайындайтын нақты алгоритм қалыптастыру қажеттігі айтылды. Мұндай тәсіл кәсіпкерлерге нарықты алдын ала зерттеуге, өнімді халықаралық талаптарға бейімдеуге, логистикалық шығындарды есептеуге және сенімді серіктестер табуға мүмкіндік береді.
Жалпы, «MADE IN TURKISTAN: EXPORT 2026» кеңесі өңір кәсіпкерлері үшін тәжірибе алмасып, жаңа серіктестік орнатуға және өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған маңызды алаң болды. Түркістанда өндірілген өнімдердің ішкі нарықтағы үлесін арттырумен қатар, оларды халықаралық деңгейде танымал етуге басымдық берілуде. Алдағы уақытта өңделген тауарлардың көлемін көбейтіп, экспорттық кедергілерді азайту және «Made in Turkistan» брендімен бәсекеге қабілетті өнімдерді әлемдік нарыққа шығару өңір экономикасының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.













