
Түркістан облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы ең алдымен халықтың өмір сүру сапасы мен елді мекендердің инфрақұрылымдық әлеуетіне байланысты. Соның ішінде тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету – аймақтың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтетін стратегиялық маңызы бар бағыт. Өйткені су – тек күнделікті тұрмысқа қажетті ресурс емес, ауыл шаруашылығының, өндірістің, кәсіпкерліктің және инвестициялық жобалардың дамуына негіз болатын басты факторлардың бірі.
Түркістан облысында халықтың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, су инфрақұрылымын дамыту өңірлік экономиканы өркендетуде айрықша маңызға ие. Ауызсумен қамтамасыз етілген ауылдарда әлеуметтік жағдай жақсарып қана қоймай, жаңа кәсіп түрлерін дамытуға, өндірістік нысандар ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік қалыптасады.
Соңғы жылдары облыста орталықтандырылған ауызсу жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 2025 жылдың қорытындысымен өңірдегі 801 елді мекеннің барлығы, оның ішінде 7 қала мен 794 ауылдық елді мекен ауызсу жүйесімен қамтылды.
Атап айтқанда, 2025 жылы ауызсу саласындағы 82 нысанның құрылысына бюджеттен 53 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 42 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар 30,8 мың тұрғыны бар 30 елді мекенде су жүйелерінің құрылысы толық аяқталды. Оның ішінде Сарыағаш ауданында – 9, Келес ауданында – 13, Ордабасы ауданында – 3, Қазығұрт ауданында – 1, Отырар ауданында – 2 және Бәйдібек ауданында 2 нысан пайдалануға берілді. Бұл – ауылдық аумақтардың әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Дегенмен елді мекеннің су жүйесіне қосылуы барлық тұрғынға судың тәулік бойы үздіксіз берілуімен бірдей емес. Сондықтан бүгінгі басты міндет – қол жеткізілген қамту көрсеткішін сапалы әрі тұрақты сумен жабдықтау деңгейіне жеткізу.
Түркістан облысының экономикасында ауыл шаруашылығы маңызды орын алады. Мақта, көкөніс, жеміс-жидек өсіру, жылыжай шаруашылықтары мен мал шаруашылығының дамуы су ресурстарын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Мысалы, Сарыағаш пен Келес аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды сақтау, өңдеу және өткізу бағытындағы кәсіпкерлік нысандарды дамытуға мүмкіндік мол. Мұндай жобалардың тұрақты жұмыс істеуі үшін сапалы ауызсу және өндірістік қажеттілікке арналған су инфрақұрылымы маңызды.
Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде наубайхана, сүт өнімдерін өңдеу цехы, қоғамдық тамақтану орындары, шағын өндіріс және қызмет көрсету нысандарын ашу үшін тұрақты су жүйесінің болуы қажет. Демек, су инфрақұрылымына салынған инвестиция жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ықпал етеді.
Өңірдегі маңызды жобалардың бірі – Сарыағаш топтық су құбырының магистральдық желісін қайта жаңғырту. 2026 жылы жарияланған мәліметке сәйкес, жобаның екінші іске қосу кешенінде су алатын бас құрылыстар мен мембраналық технологияға негізделген заманауи су дайындау станциясын салу жоспарланып отыр. Жоба Сарыағаш және Келес аудандарындағы 66 елді мекенді, шамамен 250 мың тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Оның бірінші іске қосу кешені аясында диаметрі 630 миллиметр болатын 35,5 шақырым магистральдық су құбыры тартылып, 210 су құбыры құдығы орнатылған.
Бұл жобаның маңызы – тек тұрғындардың қажеттілігін өтеумен шектелмейді. Су жүйесінің өткізу мүмкіндігін арттыру аталған аудандарда жаңа әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды дамытуға да жағдай жасайды. Сонымен қатар 2025–2029 жылдарға арналған энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жобалары аясында облыстың су және су бұру жүйелерін жаңартуға 42,9 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде ауызсу желілеріне 34,5 млрд теңге бағытталып, 511 шақырым су құбырын жаңарту көзделген.
Қазіргі таңда өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – кейбір елді мекендерде ауызсудың кестемен берілуі. Бұған жерасты су деңгейінің төмендеуі, су құбырларының тозуы, су тазарту қондырғыларының қуаты және су ресурстарын пайдалану ерекшеліктері әсер етеді.
Осы мәселелерді шешу мақсатында 2026–2028 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. 2026 жылы Арыс, Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы 10 елді мекенде тұратын 45,7 мың тұрғынды тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз ету көзделген.
Бұдан бөлек, су жүйелерін автоматтандыру, есептеу құралдарын цифрландыру және коммуналдық инфрақұрылымды заманауи технологиялар арқылы басқару маңызды. Мұндай шешімдер су шығынын бақылауға, желілердегі ақауларды уақытылы анықтауға және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Түркістан облысында ауызсу инфрақұрылымын дамыту – халықтың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар, жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыратын маңызды бағыт. Сапалы су бар жерде ауыл шаруашылығы дамиды, өндіріс орындары ашылады, кәсіпкерлік өркендейді және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасады. Сондықтан алдағы кезеңдегі негізгі міндет – барлық елді мекенді сумен қамту көрсеткішін сақтай отырып, тұрғындарды тәулік бойы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, тозған желілерді жаңарту және су ресурстарын ұтымды басқару.
Түркістанның экономикалық өркендеуі үшін су инфрақұрылымын дамыту – бүгінгі қажеттілік қана емес, өңірдің ертеңгі тұрақты дамуына бағытталған стратегиялық инвестиция.













