Суббота, 17 октября

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ӨНДІРІСТЕРДІ ІСКЕ ҚОСУ АРҚЫЛЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТ АРТЫП КЕЛЕДІ

0
15

Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін күшейту және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге, құрылыс пен химия өнеркәсібін дамытуға, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар тауарлар шығаруға басымдық берілуде. Бұл бастамалар кәсіпкерлік белсенділікті арттырып қана қоймай, жергілікті өндірістің тұрақты қалыптасуына және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесінің өсуіне жол ашып отыр.

Өңір экономикасына инвестиция тарту өндірістік базаны жаңғыртып, жаңа кәсіпорындардың пайда болуына ықпал етуде. Соңғы 8 жылда Түркістан облысының экономикасына 7 трлн 570,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Қаражаттың елеулі бөлігі өндірістік нысандарды салуға, инфрақұрылымды дамытуға және өңдеу саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлер үшін өндірісті кеңейтуге мүмкіндік беретін алаңдар қалыптасты.

Бүгінде облыста импортты алмастыруға және экспорттық мүмкіндікті арттыруға бағытталған жобалардың маңызы артып отыр. Бұрын сырттан жеткізілетін бірқатар өнімдерді жергілікті жерде өндіру ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бәсекеге қабілетті тауарлардың көлемін көбейту арқылы Түркістан кәсіпорындарының сыртқы нарықтарға шығуына жағдай жасалады. Әсіресе мақта, ауыл шаруашылығы өнімдері, химия өнеркәсібі, полимер, целлюлоза, май өнімдері және техникалық тауарлар өндірісін дамыту өңір экономикасының жаңа бағыттарын қалыптастырады.

Осы мақсатта Түркістан облысында бірқатар ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Жобалардың басым бөлігі арнайы экономикалық аймақтарда орналастырылып, инвесторларға өндірісті ұйымдастыру үшін қажетті жағдай жасау қарастырылған. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы шикізатты өңдеу деңгейін көтеріп, дайын өнім шығаруды арттыруға мүмкіндік береді.

Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бірнеше өндіріс орнының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, 2 гектар аумақта полимерлік дисперсияларды синтездеуге арналған автоматтандырылған зауыт бой көтермек. Химия өнеркәсібіне бағытталған бұл кәсіпорын полимерлік өнімдер өндірісін дамытуға серпін беріп, құрылыс және басқа да салаларға қажетті материалдардың жергілікті жерде шығарылуына мүмкіндік береді.

Сонымен бірге арнайы экономикалық аймақта мақта мен сабанды өңдеу арқылы целлюлоза өндіретін зауыт салу қолға алынбақ. Өндірістік нысанға 3,1 гектар жер қарастырылған. Аталған жоба ауыл шаруашылығы қалдықтарын тиімді пайдалануға, шикізатты кәдеге жаратуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға бағытталған. Бұл бастама өңірде шикізаттан дайын өнімге дейінгі өндірістік тізбекті кеңейтуге ықпал етеді.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 2 гектар аумақта күнбағыс майын өңдейтін кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Май өндірісін жолға қою ауыл шаруашылығы өнімдерін жергілікті жерде қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге үлес қосады. Өндірістің дамуы шаруалар үшін де қосымша өткізу арнасын қалыптастырып, аграрлық сектор мен өңдеу өнеркәсібінің байланысын нығайтады.

Инвестициялық жобалар Сауран ауданында да кеңінен қолға алынуда. Мұнда «TURAN» арнайы экономикалық аймағында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салу жоспарланған. Тыңайтқыш өндірісінің қалыптасуы ауыл шаруашылығына қажетті өнімдердің ішкі нарықтағы қолжетімділігін арттырып, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар аграрлық өндіріс үшін маңызды материалдарды жергілікті кәсіпорындардан алу ауыл шаруашылығы саласындағы шығындарды оңтайландыруға жағдай жасайды.

Сауран ауданында бұдан бөлек, 17 гектар аумақта жүк көліктері мен автобустарға арналған шиналар өндіретін зауыт салу көзделіп отыр. Бұл жоба Қазақстанда алғаш рет қолға алынатын өндірістердің бірі ретінде ерекшеленеді. Кәсіпорынның іске қосылуы көлік саласына қажетті өнімнің отандық өндірісін қалыптастырып, дайын тауарлар импортын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өндіріс іске қосылғаннан кейін техникалық мамандықтарға сұраныс артып, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етеді.

Сол аудандағы Иассы ауылдық округіне қарасты Шойтөбе ауылында 8 гектар аумақта сұйытылған көмірсутек газын сақтау және теміржол эстакадасы арқылы автоцистерналарға құю базасын салу жоспарланып отыр. Жоба өңірдің логистикалық және өндірістік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Мұндай нысандардың пайда болуы отын ресурстарын сақтау мен тасымалдау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Мақтаарал ауданында да өңдеу өнеркәсібіне бағытталған жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Жамбыл ауылдық округі аумағындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының аумағында 5 гектар жерге жіп иіру фабрикасын салу жоспарланған. Кәсіпорынның іске қосылуы мақта шикізатын өңдеу деңгейін көтеріп, оны тек бастапқы өнім ретінде емес, дайын өндірістік тауар жасауға пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл тоқыма өнеркәсібіндегі қосылған құн тізбегін ұлғайтуға жол ашады.

Ал Сайрам ауданында қойма кешенін салу жобасы іске асырылуда. Сауда мен өндіріс көлемінің өсуіне байланысты заманауи қойма инфрақұрылымына сұраныс артып келеді. Жаңа нысан тауарларды сақтау, сұрыптау және жеткізу процестерін тиімді ұйымдастыруға, кәсіпкерлердің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды.

Жаңа өндірістерді орналастыру барысында жобалардың экономикалық тиімділігімен қатар, олардың аудан-қалалардың даму деңгейіне ықпалы да ескерілуде. Осыған байланысты облыс әкімдігі инвесторлармен жұмысты жүйелі ұйымдастырып, жер телімдерін қарастыру, инженерлік желілерге қосу, қажетті құжаттарды рәсімдеу және құрылыс жұмыстарын бастау мәселелерін жедел шешуге басымдық беріп отыр.

Инвестициялық штаб отырысында өңір басшысы әрбір жобаның нақты нәтижеге бағытталуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвестиция тартудың негізгі көрсеткіші тек қаржы көлемімен өлшенбеуі тиіс. Ең маңыздысы – кәсіпорынның уақытылы іске қосылуы, өндіріс көлемінің өсуі, тұрақты жұмыс орындарының ашылуы және жергілікті экономикалық белсенділіктің артуы.

Осыған байланысты арнайы экономикалық аймақтардан жер алған инвесторларға нақты талап қойылып отыр. Егер белгіленген мерзім ішінде, яғни 6 ай көлемінде құрылыс жұмыстары басталмаса, пайдаланылмаған жер телімін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қаралады. Бұл тәсіл өндірістік алаңдардың бос тұрмай, нақты жобалармен толтырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жоспарланған кәсіпорындардың барлығы іске қосылған жағдайда өңірдің өндірістік құрылымы кеңейіп, жаңа тауар түрлері пайда болады. Мұның экономикалық маңызы зор: жергілікті шикізат өңделіп, дайын өнімге айналады, кәсіпкерлер үшін жаңа өндірістік тізбектер қалыптасады, ал ішкі нарықтағы тауар ұсынысы көбейеді. Сонымен бірге бәсекеге қабілетті өнімдердің экспортқа шығуына алғышарт жасалады.

 

Leave a reply