Суббота, 17 октября

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДА ТУРИЗМНІҢ РӨЛІ ЖЫЛ САЙЫН АРТЫП КЕЛЕДІ

0
13

Өңірдің тарихи-мәдени мұрасы, табиғи ландшафттары, қасиетті орындары мен қолайлы туристік мүмкіндіктері қызмет көрсету саласын кеңейтіп, жаңа кәсіпкерлік бастамалардың пайда болуына жол ашуда. Туризмнің дамуы қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда, қолөнер, ойын-сауық және экскурсиялық қызметтер секілді көптеген бағыттардың қатар жандануына ықпал етеді. Сондықтан бұл сала туристер санын көбейтумен қатар, өңір экономикасын әртараптандырудың, инвестиция тартудың және халықты жұмыспен қамтудың тиімді тетігіне айналып отыр.

20

Түркістан облысының туризм саласындағы негізгі мақсаты – тарихи мұраны сақтау мен заманауи туристік қызметті өзара үйлестіру. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса отырып, ауылдық аумақтардың мүмкіндігін ашуға, кәсіпкерлерге жаңа нарық қалыптастыруға, инвестиция көлемін арттыруға және жергілікті тұрғындардың табысын ұлғайтуға жағдай жасайды. Осы тұрғыдан алғанда, туризм Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды сала ғана емес, ауыл мен қала арасындағы экономикалық байланысты күшейтетін жаңа өсу нүктесіне айналып келеді.

Соынмен қатар өңірдің туристік әлеуетті экономикалық мүмкіндікке айналдыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Туристік инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа нысандар салу, тарихи орындарды жаңғырту және ауылдық аумақтарды туристік айналымға енгізу арқылы өңірде тұтас туристік экожүйе қалыптастыру көзделген. Бұл ретте басты назар туристің облысқа келіп, бір нысанды көріп кетуімен шектелмей, бірнеше күн аялдауына жағдай жасауға бағытталуда. Ұзақ уақытқа тоқтаған саяхатшының шығыны бірнеше қызмет көрсету саласына бөлініп, жергілікті кәсіпкерліктің кірісін арттыруға әсер етеді.

Соңғы жылдардағы көрсеткіштер туристік сұраныстың тұрақты өсіп келе жатқанын аңғартады. 2025 жылдың қорытындысында Түркістан облысына келген туристер саны 500 мың адамға жетіп, бір жыл ішінде 15,9 пайызға өсті. Орналастыру орындарында 347,6 мың адам демалған. Оның ішінде 325 мыңнан астамы Қазақстан азаматтары болса, 22,5 мыңнан астамы шетелдік саяхатшылар. 2026 жылдың бірінші тоқсанында орналастыру орындарында 87,1 мың адам аялдап, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 42 пайызға жоғары көрсеткіш қалыптастырды.

Туристік ағынның ұлғаюы қызмет көрсету нарығының қаржылық көрсеткіштеріне де әсер етуде. 2026 жылдың алғашқы үш айында орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 2,2 млрд теңгеге жетіп, жылдық салыстыруда 46,6 пайызға артты. Шетелдік қонақтардың үлесі де өсіп келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында «E-qonaq» жүйесінде облысқа келген 39 879 шетелдік турист тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,87 пайызға жоғары. Туристердің басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей және Қырғызстаннан келген.

Туризмге инвестиция салу көлемінің өсуі саланың өңір экономикасындағы маңызын айқындай түседі. 2025 жылы облыста туризм саласының негізгі капиталына 133 млрд теңге инвестиция бағытталған. Оның ішінде орналастыру және тамақтану қызметтеріне 78,6 млрд теңге, өнер, ойын-сауық және демалыс бағыттарына 54,4 млрд теңге жұмсалды. 2026 жылдың алғашқы алты айында туризм саласына тартылған инвестиция 65,1 млрд теңгеге жетті. Бұл жаңа қонақүйлер, демалыс орындары, туристік кешендер мен сервистік нысандардың қалыптасуына мүмкіндік береді.

Туризмнің экономикалық әсерін ауылдық жерлерге жеткізу – Түркістан облысындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта ауыл туризміне ерекше мән беріліп, елді мекендердің табиғи, тарихи және мәдени ерекшеліктерін туристік өнімге айналдыру бағытында жобалар әзірленуде. Ауылдың табиғаты, ұлттық тағамы, қолөнері, салт-дәстүрі және күнделікті өмір салты саяхатшылар үшін жеке туристік бағыт ретінде ұсынылуы мүмкін. Мұндай тәсіл ауыл тұрғындарына қосымша табыс көзін қалыптастырып, шағын бизнестің дамуына мүмкіндік береді.

Өңірде тарихи мұраны заманауи туристік форматта таныстыруға да басымдық берілуде. «Pana Asia» ЖШС Түркістан облысында бірнеше бастаманы қарастырып отыр. Соның бірі – Ақмешіт – Ишан базар тарихи-архитектуралық кешенін мешіт, музей, кітапхана және мәдени-ағартушылық орталықты біріктіретін рухани кеңістік ретінде дамыту. Шаяндағы Аппақ Ишан медресесін де медресе, кітапхана, музей және зерттеу орталығы қызметін атқаратын білім мен руханият нысанына айналдыру ұсынылған. Бұл жобаларды ортақ туристік бағытқа біріктіру өңірде рухани және танымдық туризмнің жаңа бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Табиғи туризмді дамыту бойынша да нақты бастамалар бар. Қасқасу мен Сайрам-Өгем аумақтарында туристерге арналған сервистік инфрақұрылым құру жобалары пысықталуда. Қасқасуда визит-орталық, этно-кофейня, демалыс орны және автотұрақтан тұратын кешен құру ұсынылған. Сайрам-Өгем бағытында да ақпараттық-сервистік орталық, этно-кофейня, демалыс аймағы мен автотұрақ қарастырылуда. Бұл нысандар туристерге қажетті ақпарат пен қызметті бір жерден ұсынып, табиғи аумақтарға келушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Отырар ауданында визит-орталық, кітапхана, қонақүй және глэмпингтерді қамтитын туристік кешен құру көзделуде. Жобаның іске асуы тарихи-археологиялық нысандарға келушілердің өңірде аялдау уақытын ұлғайтуға ықпал етеді. Кентау маңындағы Хантау аумағында да табиғи ерекшеліктерді пайдалана отырып, отбасылық және белсенді демалысқа арналған туристік жоба жүзеге асырылмақ.

Туризмнің мультипликативтік әсері әсіресе ауылдық жерлерде айқын көрінеді. Ауылда қонақүй немесе қонақ үй форматындағы нысан ашылса, тұрғындарға жұмыс беріледі. Турист жергілікті асхананы таңдаса, ауыл кәсіпкерінің табысы өседі. Қолөнер бұйымдарын сатып алу шеберлердің кәсібін жандандырады. Ал табиғи аумақ туристік маршрутқа енгізілген жағдайда гид, көлік, тамақтану және демалыс қызметтеріне сұраныс артады. Осылайша бір туристің өңірге жұмсаған қаражаты бірнеше экономикалық субъектінің кірісіне айналады.

Өңірде туристік бағыттарды өзара байланыстыру арқылы Түркістан қаласын облыстың басқа да тарихи және табиғи орындарымен біріктіретін маршруттар жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Түркістаннан Отырарға, Сайрам-Өгемге, Қасқасуға, Төлебиге, Кентауға және басқа да туристік нүктелерге ыңғайлы бағыттар құру саяхатшылардың облыста өткізетін уақытын көбейтуге мүмкіндік береді.

Туризм саласының дамуы жаңа жұмыс орындарын қалыптастырумен де тікелей байланысты. Бұған дейінгі жылдары өңірге тартылған туристік инвестициялар есебінен мыңдаған тұрақты және маусымдық жұмыс орындары құрылған. Ал жаңа жобалардың іске қосылуы құрылыс кезеңінде де, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін де жұмыспен қамтуға серпін береді.

 

Leave a reply