ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘСКЕРИ ЖАСАҚТАРДЫ ТОЛЫҚТЫРУ ЖӘНЕ АЗАМАТТАРДЫ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Өңірде әскерге шақыру науқаны Қазақстан Республикасының заңнамасына және Мемлекет басшысының мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлықтарына сәйкес ұйымдастырылады. Бұл жұмысқа облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент, аудандық және қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармалар, жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау және полиция құрылымдары бірлесіп қатысады.
Еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі – Қарулы Күштер мен өзге де әскери құрылымдарды кәсіби, физикалық және моральдық тұрғыдан дайындалған азаматтармен жасақтау. Осы міндетті жүзеге асыруда Түркістан облысында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру, әскери есепке алу және шақыру науқандарын сапалы ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен өзге де әскерлер және әскери құралымдарды жасақтау жөніндегі белгіленген жоспарды толық орындады. Нәтижесінде өңірден 5 мыңға жуық жас азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Бұл көрсеткіш облыста әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыру мен жауапты мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының нәтижесін көрсетеді.
2026 жылы да әскери жасақтарды толықтыру жұмыстары жалғасуда. Биыл облыстан шамамен 6 мың азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланған. Оның ішінде көктемгі шақыру науқаны аясында 3 мыңнан астам жас азаматты Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымдарға жіберу көзделген.
Көктемгі шақыру науқаны 2026 жылғы 1 наурыздан басталды. Оған 18 бен 27 жас аралығындағы, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды және заңнамада белгіленген кейінге қалдыру немесе босату негіздері жоқ азаматтар қатысады.
Әскерге шақыру жұмыстарының сапалы жүргізілуі үшін облыста арнайы шақыру комиссиялары жұмыс істейді. Комиссия құрамына жергілікті атқарушы органдардың, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, медицина және құқық қорғау саласының өкілдері енгізілген. Олар әрбір азаматтың денсаулық жағдайын, білім деңгейін, кәсіби даярлығын және моральдық-психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті шешім қабылдайды.
Әскери қызметке жіберілетін азаматтар белгіленген тәртіппен медициналық тексеруден, кәсіби және психологиялық іріктеуден өтеді. Бұл рәсімдер болашақ сарбаздардың денсаулық жағдайы мен жеке мүмкіндіктерінің әскери қызмет талаптарына сәйкестігін анықтауға бағытталған. Іріктеу нәтижесінде азаматтар Қарулы Күштердің, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты әскери құрылымдардың қажеттілігіне қарай бөлінеді.
Мәселен, өткен жылғы күзгі шақыру науқаны кезінде Түркістан облысынан Қарулы Күштерге шамамен 1000 азамат, ҰҚК Шекара қызметіне 350-ден астам жас, Ұлттық ұланға 900-ден астам азамат, Мемлекеттік күзет қызметіне 35 сарбаз және Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдарына 30 азамат жіберу жоспарланған. Бұл өңір жастарының еліміздің әртүрлі әскери құрылымдарында қызмет атқаруына мүмкіндік береді.
Шақыру науқанын ұйымдастыруда ашықтық пен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға да ерекше көңіл бөлінеді. Әскерге шақырылушыларға жеке шақыру қағаздары және 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарламалар жолданады. Сонымен қатар қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілері арқылы қажетті ақпарат ұсынылады.
Биылғы шақыру науқанына дайындық барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Сәкен Жүсіпов өңірге жұмыс сапарымен келіп, облыстық шақыру комиссиясының жұмысымен танысты. Кеңесте шақыру пункттеріндегі бірыңғай талаптарды сақтау, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру және облыстық жинау пунктінің материалдық-техникалық дайындығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сондай-ақ жастармен әскери-патриоттық тәрбиені мектеп қабырғасынан бастап жүйелі жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Әскери қызметке шақыру – тек әскери жасақтарды толықтыру үдерісі ғана емес, сонымен қатар жас азаматтардың бойында тәртіп, жауапкершілік, төзімділік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыратын маңызды азаматтық міндет. Осы бағытта өңірде жастарға әскери қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру, әскери мамандықтарды насихаттау және Отан алдындағы борышты өтеудің маңызын жеткізу жұмыстары да жүргізілуде.
Жалпы, Түркістан облысында әскерге шақыру және әскери жасақтарды толықтыру жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жүйелі шаралар еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға, Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге және жас ұрпақтың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.













