Әр жексенбі сайын жәрмеңке өтеді
Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, Қаратау ауданындағы 16 ірі сауда үйінде мониторинг жүргізіледі.
Бұл туралы Қаратау ауданының әкімі Абзал Әлімқұлов «akimat_shymkent» парақшасында өткен тікелей эфирде мәлімдеді.
Аудан аумағында әр жексенбі сайын Нұрсәт шағынауданында «Рахима-плаза» сауда үйінің жанында 192 кәсіпкердің қатысуымен азық-түлік жәрмеңкесі өткізіледі.
Аталған жәрмеңкелерде аудан әкімдігінің қызметкерлері әр апта сайын карантин талаптарының сақталуын таңғы 8:00-ден 15:00-ге дейін қатаң талаппен қадағалауда.
Сонымен қатар, Қаратау ауданы тұрғындарын сапалы, төмен бағада халық тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысы Төлеби, Ордабасы аудан әкімшіліктерімен меморандум түзіліп, сауда орындары белгіленген.
Айта кетейік, Көрме орталығында 24-25 маусым аралығында «Шымкент өнімдері» атты көрме өтеді. Көрмеде кілем өнімдері, мақта маталар, дайын тігін және шұлық бұйымдары, аяқ киімдері, жиһаз, химиялық заттар, құрылыс материалдары, тамақ өнімдері және т.б. тауарлар көрсетіледі.