Thursday, November 21

Шымкент: Тұрмыстық заттар шығаратын зауыттың өнімдеріне сұраныс жоғары

0
104

Ел экономикасының өркендеуіне шымкенттік кәсіпорындар да өз үлесін қосуда. Солардың бірі – «Taba Industrial» зауыты. Сапасы әлемдік брендтерден асып түспесе, кем түспейтіні анық.

Тассай индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорынның аумағы – 6 га. Құрылысы 2018 жылы басталып, 2020 жылы қолданысқа берілді. Іске қосылғанына аз уақыт өтсе де, бүгінде алдыңғы қатарлы өндіріс ошағының біріне айналған. Аталған зауытта тұрмыста пайдаланатын керекті заттарды өндіреді. Мәселен, бақша арбалары, баспалдақ, үтіктейтін тақтайшалар және киім кептіргіштер шығарылады.

Жалпы жобаның құны – 498 млн теңге. Қазіргі таңда зауытта 65 адам жұмыспен қамтылған. Мұндағы қызметкерлердің дені өз ісінің маманы. Және шығарылатын тауарлардың бағасы қалта көтерімді әрі сапасы да жақсы. Сондықтан болар тұрғындар тарапынан тауарға деген сұраныс күннен-күнге артуда.

Айта кетсек, Шымкент қаласы – республиканың ірі өнеркәсіптік орталығының бірі. Бүгінгі таңда мегаполисте 719 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп тұр. Оның ішіндегі 24 ірі және 49 орта кәсіпорындардың өзінде 32 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Осы ретте шаһардағы кәсіпкерліктің дамуына екі индустриялық аймақ оң ықпал етуде. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жүйелі жоспар түзілген. Нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемі ағымдағы жылдың 5 айында 295 млрд теңгені құраған.

Leave a reply