Шымкенттік полицей – бірнеше спорт түрінен чемпион

0
128
Шымкент қаласы Полиция департаменті қолға алған «Біздің полиция» жобасының кезекті кейіпкері де қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, құқық тәртібін қамтамасыз етуге үлес қосқан тәртіп сақшысы.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Миргазам Хусанов спорттың бірнеше түрінен жетістікке жеткен. Бала күннен спортты жанына серік еткен тәртіп сақшысы «Грек-рим» күресі, «Кикбоксинг» және «Пауэрлифтингтен» талай қарсыласын ойсырата жеңген.
Қазақстан және Азия чемпионаттарында бас жүлде иемденген азамат гір тасын көтеруден де алдына жан салмай келеді.
2005 жылдан бастап Ішкі істер саласында еңбек етіп келе жатқан Миргазам Миракалович спорттағы шеберлігі қызметтегі қырағылықпен ұштасқанын айтады.
«Қызметтегі міндеттерімен қатар, спортта да жетістікке жетіп жүрміз. Бұл әрбір адамнан – еңбекқорлықты талап етеді. Үнемі физикалық дайындыққа көңіл бөлемін. Қылмыскермен күресте тәртіп сақшысының бойында қайрат, жүректе намыс, білегінде күш болуы керек», – дейді Миргазам Хусанов.
Қоржыны алтын, күміс пен қолаға толған азаматтың еңбек жолы жас буынға үлгі. Отбасының ғана емес, елінің мақтанышына айналған тәртіп сақшысы алдағы уақытта да биік жетістіктерді бағындыруды мақсат тұтқан.

Leave a reply