ШЫМКЕНТ: «НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 500 ТҰРҒЫН ҮЙ СЕРТИФИКАТЫН БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

0
112
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Балықбаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Онда Абылайхан Әлібекұлы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 500 тұрғын үй сертификатын беру жұмыстары басталғанын хабарлады.
– Ағымдағы жылдың 26 шілдесінен бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 500 тұрғын үй сертификатын беру үшін өтініш пен құжаттар қабылдау басталды. Оны алуға мүгедек балалары бар (немесе тәрбиелеп отырған) отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I, II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы, толық емес отбасылар, Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілердің құқығы бар, – деді Абылайхан Балықбаев.
Спикердің сөзінше, өтініштер мен құжаттар «www.kezekte.kz» интернет ресурсы арқылы онлайн қабылданады. Ол үшін әрбір азамат және оның кәмелетке толған отбасы мүшелерінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет.
Айта кетейік, қажетті құжаттар тізбесіне:
1) нысан бойынша өтініш;
2) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (зайыбының (жұбайының), кәмелетке толмаған балаларының) жеке басын куәландыратын құжат;
3) соңғы 6 (алты) ай ішіндегі еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен табысы туралы анықтама (барлық отбасы мүшелеріне (зайыбына (жұбайына), кәмелетке толмаған балаларына));
4) жұмыс орнынан анықтама;
5)қарыз сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы банктің хаты — кіреді.
Еске сала кетейік, тұрғын үй сертификаты азаматтарға қайтарымсыз негізде беріледі.

Leave a reply