ШАҺАРДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

0
104

Биыл шаһарда 71 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып, межеленген жұмыстардың 80 пайызы орындалған. Орташа жөндеу жұмыстары жалпы ұзындығы 200 шақырымнан асатын 160 көшені қамтиды. Бірінші жартыжылдықта жөндеу жұмыстары 66 көшеде аяқталды. Бұл туралы Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов мәлімдеді.

 Е.Жолдасов инфрақұрылымды дамытудың жобасы аясында атқарылатын жұмыстарды атап көрсетті.

– Д.Қонаев –Т.Рысқұлов қиылысындағы жолайрықтың құрылысы аяталған соң,  осы жылдың соңына қарай Бәйдібек би мен Ұ.Арғынбеков көшелерінің қиылысында екінші жолайрықтың құрылысы басталады. Бірақ, бұл жерде жол толық жабылмайды, тек бір жағын ғана жауып істеу көзделіп отыр.  Екіншісі, Қ.Қазиев көшесінің жалғасы салынады. Қазір бұл көше Ұ.Арғынбеков көшесінің тұсынан аяқталады. Енді жасалып жатқан жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес, оны Қ.Төлеметов көшесіне дейін ұзарту көзделген.

Үшінші жоба Т.Өтегенов көшесіне қатысты. Бұл да кең, магистралды жол болғанымен, Қ.Төлеметов көшесіне барып аяқталып қалады. Жобаға сәйкес оның жалғасын салып, Ақжайық шағын ауданының ортасымен кесіп, Асар шағын ауданына дейін жеткізу көзделген. Сонда Т.Рысқұлов көшесінен бастап Т.Өтегенов көшесімен жүріп отырып, Асарға жетіп, одан әрі кең жолдармен А-2 тас жолына дейін төтелеп шығып кетуге мүмкіндік туады. Осының бәрі де қалада кептелістің азаюы үшін, қала тұрғындарының өмірі қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар, деді басқарма басшысы.

Қалада жүргізіліп жатқан жол құрылыс жұмыстарының сапасы бақылауда. Оны тәуелсіз сараптама жүргізетін Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қадағалайды.

Leave a reply