ТЕКЕСУ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА АУЫЗ СУ ҚҰБЫРЫ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛЕДІ

0
111

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев Текесу тұрғын алабына барды. Бірнеше күн бұрын текесулықтар ауыз су құбырында ақау туындап, соның салдарынан су  қысымының төмендегенін айтып шағымданған болатын.

Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандарымен бірлесе аталған мәселе жан-жақты зерделенді.

Аудан әкімі су ұңғымасы орналасқан жерге барып, жағдаймен толық танысты. Ауыз су мәселесі бойынша жауапты сала мамандарына тапсырма берілді. Бірнеше күнде тұрғындардың мәселесі толық шешімін табады.

Қаладан 22 шақырым қашықтықта орналасқан елдімекенде 140 үй, 700-ге жуық тұрғын бар.

Бүгінде ауданның шалғай елді мекендері саналатын Ақтас,195 және 276 орамдарда инфрақұрылым мәселесі ретімен шешімін тауып келеді. Мәселен, 195 орам және Ақтас-2 шағынауданында жалпы 5,2 шақырым жолға шағал тас төсеу қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 195 орамда 5 көше, Ақтас-2 шағын ауданында 4 көше жөнделуде. Сондай-ақ, 195 орамда газ құбырларын тарту жұмыстары қатар атқарылуда. Ал ауыз су және жарықтандыру мәселелері толық шешімін тапқан.

Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы Әл-Фараби ауданындағы 7 көшеге жол жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жоспарға сәйкес «Сәуле» шағынаудандағы 2 көшеде және орталық аумақтағы 3 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар, «Түркістан» көшесінен А-2 жолына дейін, Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары және Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшелеріндегі қиылысқа айналма жол салу жұмыстары қолға алынған.

Leave a reply