ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДЕ ДЕЗИНФЕКЦИЯ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
123

Шымкент қаласында эпидахуалдың тұрақсыз болуына орай, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында ауқымды дезинфекциялау жұмыстары атқарылуда. Залалсыздандыру жұмыстары қоғамдық көліктерде, теміржол вокзалы мен халықаралық әуежайда және адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда жүргізілуде.

Тұрғындарды тасымалдап жүрген қаладағы 17 тасымалдаушы компанияға тиесілі 77 бағыт бойынша 880 қоғамдық көлікке күніне екі рет дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Ал теміржол вокзалы мен халықаралық әуежайда күн сайын дезинфекцияланады.

Қоғамдық көліктерді жедел өңдеу мен толық қамту үшін дезинфекциялық бригадалары бар «Onlinepharma» компаниясы жұмыс істеуде. Дезинфекциялық өңдеуге адамдар мен жануарларға ешқандай қауіп төндірмейтін 4-ші сыныпты қауіпсіз препараттар қолданылуда.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап Ashyq жобасы Шымкент вокзалында енгізілді. Енді темір жол вокзалындағы станцияға кіре берісте жолаушы Ashyq қосымшасы арқылы өзінің «жасыл» немесе «көк» мәртебесін растауы керек. Мұны смартфонда Kaspi.kz, Homebank, Aitu арқылы немесе вокзал қызметкеріне өзінің ЖСН көрсетуі арқылы жүзеге асады. Шетелдіктер станциядағы мәртебесін төлқұжат нөмірі бойынша тексере алады.

18 жасқа дейінгі балаларға тексеруден өтудің қажеті жоқ. Вокзалға «қызыл» және «сары» мәртебесі бар адамдар жіберілмейді. Өз мәртебеңізді алдын ала www.ashyq.kz сайтындағы бейтарап QR коды арқылы тексеруге де болады.

Leave a reply