ШЫМКЕНТТЕ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ
Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
«Жолдауыңызда жастарды спортқа көптеп баулу мәселесін айтқан болатынсыз. Қалада 890 спорт нысаны бар. Бұқаралық спортпен тұрғындардың 31 пайызы қамтылған. Биыл қаланың шалғай елді мекендерінде 115 әмбебап спорт алаңшалары салынады. 4 мыңнан астам бала спорт үйірмелерімен қамтылады»,-деді әкім.
Бұдан бөлек, қаладағы көп қабатты тұрғын үйлер бойынша 101 аула жаңартылады. Нәтижесінде көрсеткіш 80 пайызға жететін болады. Қала басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.
Бұқаралық спортты дамытудың бір бағыты — мектеп және оқушылар лигасын өткізу арқылы дамитын мектеп және студенттер спорты. Бұқаралық спорттың бұл бағыты жас ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз етіп қана қоймай, суицидтік құбылыстар, нашақорлық және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық сияқты көптеген әлеуметтік мәселелерді шешеді.
Осы мақсатта қалада «Жастар лигасы» спорт ойындары өткізіліп, оған әр шағын аудан мен тұрғын алаптар жастары санатынан 536 команда қатысып, спорттың төрт түрінен сайыстар өткізілді.