ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПКЕР ӘЙЕЛДЕРДІҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

0
123

Шымкент қаласындағы «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасының жемісін көргендердің бірі — Мәншүк Оспанбекқызы. Ол былтыр «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның көмегімен 6 млн теңге көлеміндегі қаржыны 1 пайыздық несиемен алып, мақта өңдеу цехын іске қосты. Бүгінде 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, тапсырыстардың басым бөлігі Көкшетау, Қостанай, Петропавл және Шымкент қалаларынан түседі екен.
— 2007 жылы жолдасым өндіріске арналған төрт құрылғыны Ресейден арнайы алып келіп, мақта жүнін өндіретін цехтың жұмысын бастаған болатын. Күн-түн демей жұмыс істеді. Өкінішке қарай, жолдасым өмірден өтті. Осы қиын сәтте күйеуімнің еңбегі еш кетпесін деп аталмыш кәсіпті өзім қолға алдым. Әрине, қаржы жағынан қиыншылықтар көп болды. 1 пайыздық несие жайлы естіп, фронт-офиске 2020 жылдың тамыз айында бардым. Мамандардан толыққанды ақпарат алып, өндірістің жұмысын қайта жалғастыру үшін керекті соманы есептеп, Халық банкінен несие рәсімдедім. 1 пайызбен несие алу – кәсіпкерге берілген үлкен мүмкіндік, әрі көмек, — дейді қала тұрғыны.
Аталған кәсіпорын мақта шикізатын өңдеу арқылы күнделікті қолданыста жүрген тоқыма бұйымдарын, атап айтқанда, көрпе, жастық, көрпеше, матрастар дайындауда кең қолданылатын табиғи мақта жүнін шығарады.
Айтап өтсек, «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы Шымкентте арнайы жастар жылына және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында өткен жылы ашылған болатын. 21-29 жастағы ерлер мен 21-58 жас аралығындағы әйелдерге 1 пайыздық несие алуға мүмкіндік береді. Бүгінге дейін 45 кәсіпкер несиелендірілген. «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның бизнеске арналған үкімет фронт-офисі нақ осы кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетіп, несие алуға бағдар береді. Қосымша ақпаратты @shymkent_invest парақшасынан немесе Ерімбетов көшесі 304 г, «Заңғар» бизнес орталығы, Бизнеске арналған үкімет фронт-офисінен алуға болады.

Leave a reply