ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ЖАҢА КІТАПТАРДЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында бірнеше кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Атап айтсақ, елімізге белгілі кәсіпкер, меценат, қаламгер, өнер мен әдебиеттің жанашыры Оралбек Ботбайдың «Төле би», «Бәйдібек баба», «Нұрлы нөсер», «Келешекке жетелеген 7 сапар» және «Нысап сайын береке» атты кітаптарының тұсауы кесілді.
Мемлекеттік бағдарлама аясында басып шығарылған кітаптардың тұсаукесеріне фантаст жазушы Сарманбек Исақ, Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зауре Оралбаева, ақын, Түркістан облыстық «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі Айдар Сейдазым, М.Әуезов атындағы ОҚМУ -нің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гульнар Жанысбекова және кітапхана қызметкерлері қатысты.
Шараға қатысушылар Оңтүстіктің тумасы Оралбек Ботбайдың елдің игілігі үшін жасап жатқан істеріне ерекше тоқталып, алдағы уақытта да қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосатындығына сенім білдірді.