ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ «COVID-19»-КЕ ҚАРСЫ ҮШ СЦЕНАРИЙ БОЙЫНША ДАЙЫНДЫҚТЫ КҮШЕЙТКЕН

0
142

Шымкентте өткен тәулікте covid-19 инфекциясын жұқтырған 416 жағдай тіркелді. Оның 286 симптомды, 130 симптомсыз. 109 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 207 адам үй бақылауына алынды. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 1346 адам ем қабылдап жатыр.

Сондай-ақ бір тәулік ішінде қалада 8473 адам вакцина алды (I компонент-4969, II компонент-3993). Егу науқаны басталғалы барлығы 330 323 адам вакцинацияланды. Оның ішінде 202 020 адам вакцинаның екі компонентін алды.

Қазір жергілікті ауруханалар мен емхалар  күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. Ковидке шалдыққан науқастарды емдеуге жұмылдырылған ақ халаттылар тіпті тәулік бойы үйлеріне қатынамай ауруханаларда қона-жата жұмысқа кірісіпті.  Қазір 1346 адам стационарда ем қабылдауда. Төсек-орын толымдылығы  бүгін 61% құрап отыр. Салаға жауаптылар «COVID-19» ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындықты күшейткен. Бұл ретте А – ағымдағы жағдай, 1 010 төсек-орынды қамтиды. В – маусымдық эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орын санын 4 016-ке дейін артады. С –эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, 5 416 төсек-орын ашылады. Шымкент қаласы аталған үш сценарийге дайын.

Айта кетейік, қазіргі таңда аталған індеттің қаупі өршіп тұр. Бұл ретте медицина мамандары карантин режиміне сәйкес санитариялық-эпедемиологиялық талаптарды қатаң түрде сақтау қажеттігін ескертеді.

Індетке тосқауыл болатын жалғыз жол – вакцина. Екпе алудағы көрсеткіште шымкенттіктер әзірге көш бастап тұр. Жыл басынан бері қалаға  «Спутник V» вакцинасының I компонентінің 241425 дозасы, ІІ компонентінің 180650 дозасы, ал «QazCovid-Inнің» 12000 ,«Hayat-Vax» вакцинасының 44 000 дозасы  және «CoronaVac» вакцинасының 26 000 дозасы жеткізіліпті. Ақ халаттылар вакцинациялануы тиіс тұрғындарды бүгінгідей аурушаңдық дендеген тұста тез арада екпе алып, халықты қауіпсіздік шараларына енжар қарамауға шақырады.

Leave a reply