ҚАЛАДА 45 БЕКЕТТЕ ВАКЦИНАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

0
117

Өкінішке қарай, елімізде коронавирус инфекциясының таралуы өршіп барады. Көршілес Түркістан облысынан өзге, республиканың барлық қалалары мен өңірлері «қызыл» аймақта тұр. Шымкент қаласының өзінде 2,5 мыңнан астам адам инфекциялық ауруханаларда ем алып жатыр.

Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңға мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 3 220 орын бар, төсек орын толымдығы 73%-ды құрайды, 846 төсек орын бос. Инфекциялық стационарда 2374 науқас емделуде, жансақтау бөлімінде – 469 төсек орын бар, 316 науқас ем қабылдауда.

Негізі қазір ковидті емдеудің нақты хаттамасы бар. Дәрігерлер дер кезінде әрі дұрыс емделсе, адамның аурудан тез-ақ айығып кететінін айтады. Бірақ, көп адамдар жедел жәрдем шақырмай, емханаға уақтылы қаралмай ауруын асқындырып алып жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, коронавирусты инфекция жұққан жағдайда оның алғашқы белгілері кәдімгі тұмау сияқты болады. Бас ауырады, әлсіздік пайда болады, мұрыннан су ағады, түшкіреді, тамақ жыбырлайды, қызу көтеріледі. Мамандар «осы симптомдардың қайсысы пайда болса да, 103 нөміріне хабарласыңыз. «Өз бетімше емделем» деп ойламаңыз. Жедел жәрдем алып кетеді деп қорықпаңыз. Жедел жәрдем Сіз тұратын емханаға хабар береді. Мобилді топтар барып, ем-дом жазып береді» дейді. Дәрі-дәрмек – тегін, емдеу – тегін.

Мұнан сақтанудың жалғыз жолы бар. Ол – вакцина қабылдау. Еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов короновирус инфекциясын жұқтырып, ауырып жатқандардың 99,9 пайызы вакцина салдырмағандар екенін мәлімдеді. Егу науқаны басталғалы Шымкентте барлығы 374 237 адам вакцинацияланды. Оның ішінде 284 586 адам вакцинаның екі компонентін алған. Қазіргі таңда қалада 45 бекетте вакциналау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 40 мобильдік топ 3 тамыз күні 680 нысанға тексеру жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде 14 нысанда карантин режимінің талаптары бұзылғандығы анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Leave a reply