Адалдықты ту еткен ұлағатты ұстаз

0
52

Қадіров Сабыр Мықтыбайұлы – өмір жолын адал еңбекпен, шәкірт тәрбиелеуге деген шынайы құлшыныспен өрнектеген тұлға. 1979 жылдың 10 тамызында дүниеге келген ол жастайынан спортқа жақын болып, кейіннен өз тағдырын осы салаға арнады. Өзбекстандағы Гулистан мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдап, дене шынықтыру пәні мұғалімі атанған. Осыдан кейінгі қызметтік жолы толығымен білім беру мен спортты насихаттауға арналды.

25 жылдық еңбек өтілі бар Сабыр Мықтыбайұлы еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында шәкірттеріне үлгі болып келеді. Ол алғашқы еңбек жолын Гулистан қаласындағы спорт мектебінде бастаған. Кейін мектеп мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, таеквондо мен волейболдан жаттықтырушы болып қызмет атқарды. 2007 жылдан бастап Қазақстанға қоныс аударып, Мақтарал ауданы мен Шымкент қаласында ұстаздық жолын жалғастырды. Бүгінде №90 мектеп-гимназияда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі спорттық шаралардың ұйымдастырушысы.

Ол тек сабақ берумен шектелмей, шәкірттерін түрлі жарыстарға дайындап, жеңіске жетеледі. Таеквондодан қара белбеу иегері, кикбоксингтен спорт шебері ретінде өзі де ел намысын қорғап, Азия және әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған. Әр жетістігі жас ұрпаққа шабыт беріп, еңбектің, табандылықтың арқасында ғана мақсатқа жетуге болатынын дәлелдеп келеді.

Сабыр Мықтыбайұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталған. Сонымен қатар, қала мен республика көлеміндегі сан түрлі алғыс хаттар мен дипломдар иегері. Әсіресе, педагогикалық идеяларды насихаттап, спорт арқылы салауатты өмір салтын дәріптеген еңбектері бағаланып, ғылыми-практикалық конференцияларда тәжірибесімен бөлісті.

Оның еңбекқорлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен «Адал азамат» тұжырымдамасымен үндес. Сабыр Мықтыбайұлы – адал еңбектің, табандылық пен жауапкершіліктің, кәсібіне деген беріктіктің үлгісі. Ол шәкірттерін тек спортқа баулумен шектелмей, оларды патриоттық рухта тәрбиелеп, елін сүйетін, қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып қалыптасуына бар күшін арнап жүр.

Мұғалім үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Осы қағиданы берік ұстанған ұстаздың тәрбиесін көрген оқушылар республикалық, қалалық сайыстарда үздік нәтиже көрсетіп, ұстаз абыройын асқақтатуда. Сабыр Мықтыбайұлының өмір жолы – еңбектің жана­шырлықпен, ал адалдықтың табандылықпен ұштасқандағы айқын дәлелі. Ол – адалдықты ту еткен, ұрпаққа өнеге болған нағыз ұстаз.

Leave a reply