ҚАЛА АУМАҒЫНДАҒЫ САЯБАҚТАРДА ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
102

Шымкент қаласын көгалдандыру жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаладағы экологиялық жағдайды жақсартатын бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Негізгі басымдық көгалдандыруға берілген. Атап айтқанда Шымқаланың жасыл аймағының көлемін 13 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Осы бағытта көктемде қаланың әр аумағында мыңдаған көшет егіліп, саябақтарда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, мекеме қарауында қазіргі таңда 8 саябақ пен 39 гүлзар бар.

– Атап айтқанда олар: Тәуелсіздік сябағы, Бәйдібек би этно-саябағы, Абай, Металлургтер, Орталық, Нұрсәт, Наурыз және Жеңіс саябағы. Қазіргі таңда басқарма тарапынан саябақтардың дамуын заманауи күйге келтіру мақсатында кешенді жоспар әзірленуде. Бұған қоса саябақтар мен гүлзарларды күтіп-ұстау жұмыстарына және санитарлық тазалығына күнделікті бақылау жүргізіледі, – дейді басқарманың бөлім басшысы Дархан Тұрғанбай.

Бұл ретте Шымкент қаласының орталық саябағының алар орны ерекше. Тарихы тереңде жатқан демалыс орнының іргетасы 1886 жылы қаланған деген дерек бар. Одан кейін өткен ғасырдың басында атауы өзгертіліп, «Орталық мәдениет және демалыс паркі» болып қайта құрылады. Бүгінде орталық саябақтың аумағы 8 гектардан асады. Шаһардың қақ ортасындағы оазис тұрғындар мен қонақтарға жаздың аптап ыстығында сая болып тұр. Тек жазда емес, жылдың барлық мезгілінде тынығуға қолайлы орын Шымкенттің негізгі демалыс орнының біріне әлдеқашан айналған.

Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, қаладағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп-ұстау жұмыстарымен «Build Stroy» ЖШС айналысады.

Орталық саябақта өсіп тұрған ағаштардың көбісі 1940-50 жылдары егілген, олар алып ағашқа айналып, сая беріп тұр. Ал саябақтағы жалпы ағаш саны 8 мыңнан асады, оннан астам түрі өсіп тұр. Жыл сайын мұндағы ағаштарды жаңарту мақсатында жүздеген көшет егіліп, қурағандары біртіндеп қырқылуда, дейді. Саябақта өткен ғасырдың басында отырғызылған ағаштар да сақталған. Үш түп шынар сонау 1903 жылы егілген екен. Ағаштардың адам құшағы толатын діңгегі әлі де мықты.

Leave a reply