ҚҰРЫЛЫС ҚАЛДЫҚТАРЫН КӨШЕГЕ ТӨККЕН АЗАМАТТАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ
Шымкент қаласының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының мамандары тәртіп сақшыларымен бірлесе қатты қалдықтарды дұрыс шығару бойынша рейд жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады. Кезекті тексеру жұмыстары кезінде Қазиев көшесі бойындағы 5 кәсіпкерлік нысанда заң бұзушылықтар анықталды. Аталған көше бойына құрылыстық және тұрмыстық қалдықтарды тастағаны үшін 5 азаматқа ескерту беріліп, хаттама толтырылды.
Сонымен қатар, Әл-фараби ауданы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары «Таза қала» профилактикалық іс-шарасы барысында Анар әже көшесі, № 58 үйдің алдына құрылыс қалдықтары үйінділерін төгіп тастағанын анықтады. Абаттандыру қағидаларын бұзған жергілікті тұрғынға ҚР ӘҚБтҚ-нің 505-бабына сәйкес, әкімшілік хаттама толтырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, жыл басынан бері Әл-Фараби ауданында ҚР ӘҚБтК-нің 505 бабына сәйкес 1 715 хаттама толтырылып, айыппұлдар салынды.
Өз кезегінде рейд жұмыстарын жүргізген мамандар барша тұрғындары мен жеке кәсіп иелерін қаламызды таза ұстауға және қоқысты арнайы орынға шығаруға шақырып, абаттандыру қағидаларын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.