Адал еңбегімен елге қызмет еткен азамат

0
49

Естемесов Нұржан Төлегенұлы 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекқорлық пен жауапкершілікті серік еткен ол 1985-1995 жылдары В.И.Ленин атындағы орта мектепте білім алып, кейін дәрігер болуды өмірлік мақсат етіп таңдады. Осы жолда 1995-2001 жылдары Ақмола мемлекеттік медицина академиясында оқып, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын иеленді. 2001-2002 жылдары аталмыш академияда хирургия бойынша интернатурадан өтіп, кәсіби жолға қадам басты.

Еңбек жолын 2002 жылы Петропавл қаласындағы №3 қалалық аурухананың травматология бөлімінде дәрігер-травматолог болып бастады. Әрбір науқастың өмірін аман алып қалуды өзіне парыз санаған жас маман кәсібіне деген адалдығымен ерекшеленді. 2007-2009 жылдары Астана қаласында Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында клиникалық ординатурадан өтіп, біліктілігін арттырды.

2009-2019 жылдары Астана мен Алматы қалаларындағы жетекші клиникаларда травматолог-ортопед болып қызмет етіп, мыңдаған науқастардың сауығуына үлес қосты. 2019 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханасында ортохирургия бөлімінің меңгерушісі болып, кейін бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылдан бері осы аурухананың ортопедия бөлімін басқаруда.

Көп жылғы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. 2022 жылы «Қазақстан травматологиясы мен ортопедиясына қосқан үлесі үшін» медалімен, 2024 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапаттар оның елге сіңірген еңбегінің айғағы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат – елдің тірегі, қоғамның сенімі. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір салада адал еңбек етіп, мемлекет мүддесін жеке бастың қамынан жоғары қою қажет» деген болатын. Нұржан Төлегенұлының өмір жолы осы қағиданың нақты көрінісі. Ол әрдайым адал еңбек етіп, кәсіби міндетін мінсіз атқару арқылы өз ортасына үлгі болып келеді.

Бүгінде ол жас мамандарды тәрбиелеуге, тәжірибесімен бөлісуге және денсаулық сақтау жүйесінің дамуына үлес қосып жүр. Нұржан Төлегенұлы – адал еңбегімен, біліктілігімен, адамгершілік қасиеттерімен ел сенімін ақтаған дәрігер. Оның өмір жолы Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасының жарқын үлгісі болып табылады.

Leave a reply