ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАР «КӨЗІМНІҢ ҚАРАСЫ» ӘНІН ХОРМЕН ОРЫНДАДЫ

0
98

Шымкентте ұлы ақын Абайдың туған күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Елбасы медалі» қатысушылары Абай ескерткішінің жанында кездесті. «Көзімнің қарасы» туындысын орындап, ұлы ақынның бейнесін жинақтады.

Абай Құнанбайұлының 1891 жылы жазылған «Көзімнің қарасы» өлеңінің жарық көргеніне биыл 130 жыл болды.

«Елбасы медалі» жобасының қатысушысы Маутан Айсәуле: «Мен солист болып, ерекше сезімге бөлендім. Жобаға тіркелгеніме 2-3 ай болды. Осы аралықта белсенді болып, іс-шараларға қатысып жүрмін. Осыған дейін «Абай күні» туралы білмейтін едім. Абай мұрасын насихаттауға атсалысқаныма қуанып отырмын», — деді ол.

Ал Алина Мансұр 1 минуттық бейнеороликті әзірлеу үшін 4-5 сағат уақыт жұмсалғанын айтты. Қатысушылар әр кадрдың ұтымды шығуын ойластырып, Абай тағылымын насихаттауға атсалысқан. Игі шара санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап өткізілді.

Сондай-ақ осы күні Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Nur Otan» партиясы ШҚФ «Jas Otan» ЖҚ-ның ұйымдастыруымен «Абай күніне» арнайы қала тұрғындарының арасында викториналық сұрақ-жауап айдары өткізілді. Викториналық сұрақ-жауап барысында дұрыс жауап берген қала тұрғындары мен жастарға арнайы Абай өлеңдер жинағы мен қара сөздері жинақталған кітапшалар және қыздарға арналған қазақи әшекей бұйымдар тарту етілді.

Leave a reply