РЕФЕРЕНДУМ – ЕЛІМІЗДІҢ ӨМІРІНДЕГІ ТАРИХИ ОҚИҒА

0
133

2022 жылдың 5 маусымында Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Республикалық референдум өткізілді. Референдум Орталық комиссиясының осы жылдың 7 маусымында  жариялаған мәліметіне  сәйкес еліміз бойынша референдумға қатысуға құқығы бар 11 734 642 адамның 68,05 пайызы немесе 7 985 769 адам қатысқан болса, олардың 77,18 пайызы конституциялық реформаларды, яғни ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды қолдап дауыс берді.

Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде Мемлекет басшысы Қ-Ж. Тоқаев референдум – еліміздің өміріндегі тарихи оқиға болғандығын, мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқандығын, референдум нәтижелері саяси жаңғырудың анық символына айналғандығын, азаматтарымыздың зор жауапкершілік танытқандығын және отансүйгіштік қасиетін паш еткендіктерін ерекше атай келе: «Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. Референдумға белсене қатысып, қолдау білдірген барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіруге атсалысқан азаматтарға, түрлі қоғамдық ұйымдарға алғыс айтамын» деді.

Сонымен қатар, ол нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп, Қазақстанның дәйекті дамуына зор үлес қосқан,  Еліміз үшін осы бетбұрысты сәтте заңды құқықтарын пайдаланып,  өздерінің ұстанымдарын айтқан барлық азаматтарға  ризашылығын  білдіретіндігін жеткізді.

Президент өз сөзінде Ата заңға өзгерістер енгізу реформалардың соңғы сатысы емес екендігін, еліміздің жан-жақты жаңғыртылуы жалғасын табатындығын, жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастандыралатындығын,  дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал ететіндігін, алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұрғандығын, қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңыздылығын, кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтілетіндігін атап көрсетті.

Мемлекет басшысы мемлекеттік аппаратты жаңғыртып, бюрократиядан барынша арылту үшін жүйелі жұмыс жалғасатындығын, қоғамның барлық өкілдерінің талап-тілектеріне жауап беретін озық  мемлекет құрылатындығына баса назар аударып,  «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл –  туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз»  деп айтты.

Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет.

Елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл үшін Президент арнайы Жарлыққа қол қойды.

Конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады.

Қазақстан адам құқығы мен бостандығын қорғау жүйесін кешенді түрде күшейтуге негізделген бағдарын жалғастыра беретіндігін,  құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылатындығын, Жаңа, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейтіндігін ерекше атап көрсете келе, өйткені  «Қоғам құқық қорғау және сот жүйесінің шын мәнінде өзгергенін қалайды» деді Мемлекет басшысы.

Халыққа жасаған Үндеуінің соңында Президентіміз былай деді: «Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім… Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек.    Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету. Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет… Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылды. Осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болсын!

Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік, ағайын!»

БАҚЫТЖАН БЕЙСЕМБАЕВ, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер»  медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы

Leave a reply