ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ ҚАМ ҚАРЕКЕТІ

0
120

Жақында Сауран ауданының әкімі Майдантал ауылдық округінің мектебінде жергілікті тұрғындармен ашық-жарқын кездесу өткізді. Оған дейін ондаған тұрғынды әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері бойынша қабылдады. Кездесу барысында халықтың алдымен айтары-сумен қамту, ауыз су мәселесі, табиғи газға қосылу жайы. Ең қиыны жастар үшін жұмыс табу мәселесі. Осыған орай ел арасында кәсіпкерлікті дамыту ісі кеңінен қанат жаюда. Осыған орай аудан әкімі істің көзін табудың амалдарын түсіндірді.

Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауындағы басты мақсаты – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50% жеткізу. Оны орындау үшін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру- Қазақстанның азаматтары қалада да, ауылда да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие беру, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану және қаржылық сауаттылыққа үйрету жұмыстары бойынша атқарылуда.

Оның ішінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 2073 субъект тiркелiп, жұмыс iстеп тұрған белсендi субъектiлерiнiң саны 2029 немесе 97,8 пайызды құрады.

Сауран ауданында кәсіпкер болуға ниетті немесе кәсіпкерлерге, бастапқыда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 100, 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа қатысу және одан әрі қарай бизнесті дамыту үшін жеңілдетілген 6 пайызбен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдендіру, субсидиялау құралдарын пайдалану арқылы несиелендіру ұсынылады.

Қазір ауылдық округ орталығының басты көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жалғасуда.

Әкімнің айтуынша, жалпы аудан көлемінде 1254,7 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның 141 шақырымы республикалық маңызы бар, 294 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар, 119,3 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, 700,4 шақырымы елді мекендердің ішкі жолдары.

Ағымдағы жылы ұзындығы 15,5 шақырымды құрайтын аудан елді мекендерінің 7 ішкі көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталған. Аудан бойынша 403 шақырымды құрайтын елді мекендердің ішкі көшелерінің 195 шақырымы асфальт болса, жыл қорытындысымен 226 шақырымға жетті. 2021 жылы «Ауыл –Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Бабайқорған және Майдантал ауыл округтерінде жалпы құны 199,7 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол әлі жоғары қарқынмен жалғасуда.

Ғани Құрмашұлының баяндауынша, биылғы жылы «Сауран ауданындағы Майдантал ауылдық округі, Майдантал, Егізқара және Қаражон елді мекендерін табиғи газ құбырымен қамтамасыз ету құрылысына – 49 284,013 мың теңге қарастырылып отыр.

Қазіргі таңда ауылдық округ деңгейінде үй салып алу үшін тегін жер алу кезегіне 210 адам тіркелген екен. Майдантал Ақсақалдар алқасының мүшелері бұл өзекті мәселені жеделдетіп шешу арқылы ауылда жастарды тұрақтандыруға болатындығын әңгімеледі.

Осыған орай аудан әкімі ауылда Қауымдастық құрып, ауылдың он шақырым қашықтығына дейінгі жерді иемденгенімен ешнәрсе өсірмей отырған тұрғындардан қайтарып алып, оны жайылымдық жерге айналдыруға болатындығын мәлімдеді.

Сондай-ақ қауымдастық шешімімен тегін жер алу кезегінде тұрған жандармен ақылдасып, үй салынатын жерлерді барынша арзан күш жұмсап абаттандырып, суын, жарығын, табиғи газын жүргізіп барып, жерді бергені қолайлы болатындығына тоқталды. Мұны ақсақалдар қауымы қолдады.

Leave a reply