ТҮРКІСТАНДА «ШАҒА» ЖАҒАЖАЙЫ АШЫЛДЫ

0
115
Түркістан қаласында тұңғыш рет жағажай ашылды. Тарихи шаһардағы туристік-реакрациялық орталығының ашылу салтанатына Түркістан облысының аудан, қалалары мен Шымкент қаласынан және өзге де шаһарлардан саяхатшылар келді. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Шаға» жағажайын аралап көріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Жағажайдың ашылуында балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылды. Сонымен бірге көпшіліктің қатысуымен түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұсынылып, байқаулар өтті. Су айдынында желкенді қайықтар жүзіп, облыстың ескек есушілері өз шеберліктерін көрсетті. Танымал диджейлер мен өнерпаздар өнер көрсетсе, кештің басты әншісі Қайрат Нұртас өз жерлестеріне әннен шашу шашып, Түркістандағы жағажайдың ашылуымен құттықтады.
Жағажайға келген демалушылар Түркістанда ашылған жаңа туристік орынға ризашылықтарын білдірді. Отбасымен суға шомылып, көңілді байқауларға қатысып, шоу-бағдаламаны тамашалады. Жағажай жұмысын бастаған алғашқы күннің өзінде бірнеше мың адам келіп, «Шағадан» шаттанып қайтты. Бұл жағажай туризмді дамытып қана қоймай, Түркістан аумағын көгалдандыру, ауа райын жақсартуға да оң серпін бермек.
Демалыс аумағының құрылысы 2020 жылы қараша айында басталды. Жалпы ауданы – 81 гектар. Ал суының сыйымдылығы – 2,5 млн. текше метрге жуық. Қазіргі таңда жасанды су айдынында 2 млн. текше метр су бар. Көктемгі суды қабылдайтын, су жіберетін каналдар да дайын.
Жағажайда емдік қасиетке ие шағыл құм төселіп, ағаш отырғызылған. Жаңа туристік нысанға баратын жолдың сапасы да жоғары деңгейде. Алдағы уақытта балалар демалыс аумағы, элиталық коттедждер мен қонақүйлер, аквапарк салынады деп жоспарланып отыр.

Leave a reply