ТАМЫЗ КЕҢСЕСІНДЕ МАҢЫЗДЫ БАЯНДАМАЛАР ЖАСАЛДЫ

0
156

Рухани шаһарда  «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбындағы облыстық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Түркістан облысының білім саласының мамандары жиналған кеңесте еліміздің білім саласына өз үлесін қосып жүрген бірқатар белді тұлғалар қатысты. Соның ішінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова баяндама жасады.

Конференция барысын модератор ретінде «Bilim Media Group» ЖШС директоры Рауан Кенжеханұлы тізгіндеді. Кеңесте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев алғысөз сөйлеп, білім саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлар жайлы сөз қозғады.

Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы өз баяндамасында облыстың білім деңгейін арттыруда алдағы жоспарларды айқындап, «TURKISTAN BILIMI» стратегиялық даму жоспарын әзірлеуде, соның ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесе үздік кейстерімен тәжірбие алуда 17 аудан мен қалада «Темірқазық» тірек мектептер базасын қалыптастыру алға қойған басты мақсаттарымыздың бірі деп отыр.

Басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова өз баяндамасында мектеп жүйесінің сапасы жұмыс істейтін мұғалімдердің сапасына негізделетінін алға тартты:

Оқу процесін жақсартуда түрлі тұжырымдар бар, дегенмен бұл  тұрғыда қарапайым үш деңгейге бөліп қарастырамыз. Бірінші мектепте ұйымдастырылатын процесстің сапалы болуы, екінші педагогтардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету, үшінші академиялық орта құру. Аталған үш мәселе оқу процесінде баса назарда болу керек. Бұл тұрғыда пән мұғалімдері оқу ордасының құрылуы үшін академиялық тәжірбиелрді арттыруда ықпал ететін кәсіби шеберліктерін нығайтып, өздерінің әдістемелік мүмкіндіктерін кеңейтіп отыру керек. Яғни үздіксіз оқу керек, себебі мектептің тірегі де, жүрегі де ұстаз, – деп педагогтердің кәсіби шеберлігінің жоғары болуы ең бірінші мұғалімдердің өзіне  байланысты екенін атап өтті.

Сонымен қатар, 17 аудан мен қалада «Темірқазық» тірек мектептер базасын қалыптастыруда методикалық әдістермен мектеп басшыларын, мұғалімдерді оқытуда жан-жақты қолдау танытанын жеткізді.

Облыстың білім сапасын арттыруды мақсат еткен тамыз кеңесінде педагогтардың кәсіби шеберлігін нығайту, оқу процесін жақсарту сынды түрлі мәселелер талқыланып, алдағы жоспарлар баяндалды.

Шапағат ҒАЙБУЛЛА.

Leave a reply