Түркістан облысында қырғауылды қолда өсіретін келіншек тұрады 

0
159

Ордабасылық Гүлдана Әлиасқарқызының ерекше құсқа деген сүйіспеншілігі кәсіп ашуына негіз болған, деп хабарлайды «Хабар 24». Екі баланың анасы биыл жыл басында «Бизнес бастау» бағдарламасымен оқып, жобасын қорғап шыққан. Қайтарымсыз несие алып, қазір қырғауылдың басын көбейтіп отыр. Гүлдананың негізгі мамандығы – программист. Бірақ кішкентайынан құс атаулыға жаны құмар. Әртүрлі құстың балапанын бағып, қамқор болып жүреді. Ал даланың ерке құсы – қырғауылға деген көңілі алабөтен. Бала күнгі арманын іске асыру үшін кәсіп ашуға ниеттенген. Келіншектің бұл бастамасын ата-енесі де, жолдасы да қолдаған. Сосын биыл мемлекеттік бағдарламамен оқып, сертификат алыпты. Ал арнайы комиссия оның ерекше жобасын бірден қолдаған. Мемлекеттен алған қаржысына инкубатор, үш брудер мен екі аккумлятор және бір генератор сатып алған. Қазір қырғауылдың балапандарын өзі бастырып, көбейтуде. Гүлдана Әлиасқарқызы, Ордабасы ауданының тұрғыны: – Бұл бір айлық балапан. Бұны қазір қораз, мекен екенін айыру мүмкін емес. Кейін 4-6 ай болған кезде түрі өзгеріп, құйрығы шыға бастайды. Бұның негізі әртүрлісі бар қоразының. «Золотой Фазан», «Корельевксий» дегені, бұл «Охотнищий» суыққа төзімді. Ал «Золотой Фазан» өте нәзік болады екен. Бір инкубаторға 300 жұмыртқа салуға болады. 20 күнде балапан  жарып шығады. Сосын оларды бір ай брудерде ұстайды. Одан кейін далаға ашық аспан астындағы қораға шығарады. Бастапқыда кәсібін 28 қырғауылмен бастаған Гүлдана қазір олардың санын 300 ден асырып отыр. Гүлдана Әлиасқарқызы, Ордабасы ауданының тұрғыны: – Бөлек-бөлек семья болады. Әр қайсысына осылай жазып қоямыз. Бір ұяда бір қораз, үш мекеннен болады. Мекендері кезектесіп жұмыртқалайды. Бір күн, екі күн ауысып, олар жылына 100 жұмыртқа туады. Бір қызығы тауықтың балапанына қарағанда өсімтал, нәзік болғанымен қолда ашқан соң ортаға тез бейімделеді. Гүлдана қазір Қырғауылдың балапандарына сұраныс өте көп екенін айтады. Тіпті еліміздің солтүстік өңірлерінен де келіп алып кетіп жатады екен. Ордабасы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы биыл 173 жоба іріктеліп, бүгінге дейін соның 33 тиісті қаржысын алған. Соның ішінде Гүлдана да бар. Бағдат Жақыпбеков, аудандық жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі: – Жеке кәсібін ашып, халыққа пайдасы тиетін бизнес жобалар қолдау тауып жатыр. Дәнекерлеу ісі, қырғауыл бар оның ішінде. Жылыжай бағыты бар. Одан бөлек, кондитерлік өнім, мал шаруашылығы да бар. Жалпы бизнес көзін ашып, соны дамытып, халыққа пайдасы тиетін жобалар. Жеке кәсіп ашып, өз ісін дамытамын деген жанға мемлекет тарапынан қолдау көп. Биыл бір реттік берілетін қайтарымсыз гранттың қаржысы да артып отыр. Мамандар соның арқасында ауданда шағын және орта кәсіппен айналысатындардың саны көбейгенін айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов

www.24.kz

 

Leave a reply