КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ ИЕГЕРІ КӨБЕЙДІ
Нәтижесінде Төли би ауданында жұмыссыз азаматтардың қатары азайып, кәсіп бастауға тың жобалар ұсынылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кәсіпкерлердің бірі лазерлік станоктың көмегімен былғарыны өрнектеп, түрлі кәде-сый бұйымдарын жасайды. Енді бірі нарыққа сәнді жиһаз түрлерін ұсынады. Эльмира Кеутаеваның шағын кәсіпорнында дайындалған кәде-сыйлар ел аумағында онлайн саудаланып жатыр. Лазерлік станоктың көмегімен былғарыдан жасалған әмиянға сурет салып, белдіктерді ою-өрнекпен безендіреді. Заманауи құрылғы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қайтарымсыз қаражат есебінен сатып алынды. Эльмира Кеутаева, кәсіпкер: – Қолдан жасалған дүниеге көбісі қызығушылық танытады. Былғары әмияндарға тапсырыс көп болғаннан кейін мен өзім сол әмияндарға жазу жазудан бастайын дедім. Мысалы, естелік ретінде «Анашым жәннәтым», «Сүйікті әпкеме» деген жазулар бастырған едім тапсырыстар одан сайын көбейді. Енді үлкен зауыттарға, компанияларға, фабрикаларға біз өзіміздің сырт қаптамаларымызды ұсынсақ, біз де одан да көп тапсырыс болатынына көзіміз жетті. Информатика пәнінің мұғалімі қазір дизайн ісін меңгеруге машықтанып жүр. Өйткені жаңа станоктың компьютерлік бағдарламасы жұқа ағаш, былғары, пластмасса материалдары мен әйнектен де түрлі өнім жасауға мүмкіндік берді. Эльмира Кеутаева, кәсіпкер: – «Ең үздік тауар» номинациясы бойынша қатысқанбыз Түркістан қаласына барып. Сол кезде осы мешіттің макетін үш күн жинағанбыз. Біз команда береміз, станок өзі кесіп береді. Біз мұның бәрін деталь бойынша жинаймыз. Ал 27 жастағы Нұрболат Әшірбай болса, ротанг материалынан жасалатын жиһаз жобасын сәтті қорғап, мемлекеттік қолдауға ие болды. Жаңа істі иіріп алып кету үшін қол еңбегі аса қажет болды. Сондықтан төрт азаматты тұрақты жұмысқа алды. Цехта әуелі жұқа темірден жиһаз қаңқасы құрастырылып, кейін жасанды ротангпен өріледі. Жеңіл әрі берік жиһаз нарықта сәнді тауарға айналды. Ал сапасына 18 айға кепілдік беріледі. Нұрболат Әшірбай, кәсіпкер: – Нарықта Төле би ауданында бізден басқа мұндай бизнес түрімен айналысып жатқан адам жоқ. Соның есебінен тапсырыстарымыз қазір жақсы. Алға қойған мақсатымыз өзіміздің жеке тұтынушыларға арналған дүкенімізді ашқымыз келеді. Биыл Төле би ауданы бойынша 173 адамға бизнес бастауға қолдау көрсету үшін 212 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған. 118 азамат жаңа жұмыс орнын ашып, өз кәсібін бастап үлгерді. Мамандар қайтарымсыз қаржының мақсатты жұмсалуы мониторинг топтарының жіті назарында екенін айтады. Әлімхан Жамалбеков, Төле би аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры: – Грант берілген жағдайда 2 айдың ішінде оларға уақыт беріледі бизнестерін бастап, жұмыс жасауы үшін. Одан кейінгі бір жылдың ішінде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Ақшаны мақсатты пайдаланды ма, бизнестерін ашты ма, жоқ па сол бойынша. Былтырғы жылы біз де бір азаматқа хабарлама жіберіліп, ақшасы қайтарылды. Ол азамат ақшасын мақсатсыз жұмсаған. Аудан көлемінде орталыққа 2500 азамат жұмыссыз ретінді тіркелген. Бірақ салаға жауаптылар кәсіптің көзін, еңбектің ебін тапқандарға қолдау көбейгенде жұмыссыз азаматтардың қатары азаятынына сенімді.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов