ТҰТЫНУШЫ! Өз құқығыңды білесің бе?
Бәріміз де түрлі тауарлар мен қызметтерді тұтынып жатамыз. Біз – сатып алушымыз, пациентпіз, жолаушымыз, клиентпіз, оқырманбыз, демек тұтынушымыз. Әрбір адам сауатты, өркениетті тұтынушы болу, сондай-ақ тұтынушылық құқығы мен мүддесін қорғай алу үшін қажетті білімге ие болуы керек. Өкінішке қарай, еліміздің тұрғындары тауарларды сатып алу мен қызметтерді пайдалану барысында сапасыз тауарларға немесе сатушы мен қызмет көрсетуші тарапынан болатын жауапсыздыққа ұрынып жатады.
Бұл – тұтынушы құқығы жиі бұзылады деген сөз. Ал бізде тұтынушы құқығы қалай қорғалып жүр? Өз құқығымызды білеміз бе?
Ежелден келетін үрдіс
Қай нәрсенің болсын, тарихына көз жүгірткен артықтық етпес. Ерте замандарда тұтынушылар құқығы қалай қорғалған екен? Ежелгі мемлекеттерде негізгі сауда жасау орны базарлар болғаны белгілі. Қытай, Вавилон, Көне Грек елі, Египет, Рим империясы елдеріндегі базарларда сатып алушының мүддесі сатушымен арадағы еркін саудада шешіліп тұрғанмен, белгілі дәстүрлермен және заңдармен қорғалатын болған. Барлық елдердің заңдарында азаматтардың мүддесі тұтынушы ретінде белгілі бір нормалармен қорғалған.Ортағасырлық Еуропада да тұтынушылар мүддесіне жайбарақат қарамапты. Сонау ХІV-ХV ғасырлардың өзінде бірқатар елдердің базарларында мемлекет тарапынан тағайындалатын инспекторлар жұмыс істеді. Мәселен, Австрияда базарда сатылатын тауарлар сапасына бақылау жасалып тұрған. Сапасыз тауар босатқан саудагер жазасыз қалмайтын. Егер сатушының сапасыз сүт сатқаны анықталып қалса, сол сүтті тауысып ішіп қою міндеттелді. Бұзылған жұмыртқа сатқан адамға сол жұмыртқаларды лақтыратын болған. Ал тұтынушы наразылығы ең алғаш 1775 жылы Американың Массачусетс штатында тіркеліп, бұзылған тамақ сатқан адамды масқаралау бағанасына байлап қойды.
Алғашқы тұтынушылар қоғамы ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында Батыс Еуропа елдерінде пайда болды. ХІХ ғасырдың 60-80 жылдары АҚШ мемлекетінде жүк және жолаушы тасымалы бағасын тым көтеріп жіберген теміржол компаниясына қарсы қозғалыстар болып, нәтижесінде мемлекет теміржол тарифін бақылауға алды. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары көптеген мемлекеттер тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңдарды бекітті. Тауардың маркировкасы болуы және арнайы қораптарға салынуы міндеттелді.
Балалар ойыншықтарының қауіпсіздігіне аса мән берілді. Тауарлардың кепілдік мерзімі көрсетілуі тиіс болды. Қазір әлемнің көптеген мемлекеттеріндегі тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымдарының басын біріктірген халықаралық тұтынушылар одағы жұмыс істейді. Халықаралық одақтың орталығы Нидерланды мемлекетінде орналасқан.
Ал 15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күні болып белгіленген. Бұл мейрам АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Кеннедидің 1961 жылы 15 наурызда Конгресте тұтынушылардың құқы жайында сөйлеген сөзімен байланысты. Сол кезде АҚШ президенті тұтынушыларға адамдардың барлығының жататынын айтып, ақпарат алу, қауіпсіздік, таңдау және хабардар болу құқықтарын атап өткен еді. Кейіннен дүниежүзілік тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдар бұл сөздерді өз манифестеріне айналдырды.
Адалдық міндеті
Тұтынушыға адал болуды барлық діндер міндеттейді. Оның ішінде ислам діні саудадағы адалдыққа айрықша мән берген.
Таразы мен өлшемде әділ болуды бұйырады. Бұл хақында Құранда: «Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер» («Рахман» сүресі, 9-аят) деген жол бар. «Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да, қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетіндіктерін ойламай ма? Ол зор күн үшін, ол күні адамдар, бүкіл әлемнің Раббысының алдында тұрады. Олай емес. Негізінен бұзықтардың дәптері төменгі орында болады» дейді тағы. Демек, сауда-саттықта адалдықты ту еткен дұрыс.
Алушының ақысын жеу ақырет таңында азап отына күйдіреді.
Ислам діні белгілі бір тауарды немесе халық көп тұтынатын азықты базарға шығармай, құнының көтерілуін күтіп, кейін науқанында сатуға тыйым салады. Адамзаттың ұстазы, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұндай істі құптамай, бұлай пайда тапқысы келгендердің күнәһар екенін айтады. Сонымен қатар тыйым салынған амалды жасау қаншалықты күнә болса, ішіп-жеуге тыйым салынған азықты да сату соншалықты күнә болмақ.
Ол бір хадисінде: «Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі қиямет күні пайғамбарлар, турашылдар және шәһидтермен бірге болады» деген.
Ислам саудаға рұқсат берумен қатар, табыстың негізгі көзі екендігін де айтқан. Алла Елшісінің (с.ғ.с) «Ырыстың оннан тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап, бағып-байлап, сатуда» деуі де бекер емес. Бұдан сауда жасаудың маңызды кәсіп екенін аңғарамыз.
Сандық жүйеге көшті
Өткен жылы, яғни 2020 жылдың 25 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заңмен 7 құқықтық актіге, оның ішінде 3 кодекс және 4 заңға өзгерістер енгізілді. Заң түзетулерінің топтамасы БҰҰ-ның 2015 жылғы 22 желтоқсандағы тұтынушылар мүдделерін қорғау мәселелері бойынша мызғымас қағидаттары негізінде қалыптасты.
Бұл заң ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 50-тармағын және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Ол тұтынушылар қоғамын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, тұтынушылық дауларды сотқа дейін қарау мәселелерінде үкіметтік емес ұйымдарды институционалдық күшейтуге және белсенді тартуға, тұтынушы құқығын қорғауда уәкілетті органның ролін күшейтуге бағытталды.
Бұл заң шыққанға дейін елімізде тұтынушылар құқығы 2010 жылы шыққан заңмен, оған дейінгі кезеңде 1994 жылғы ҚР Азаматтық кодексі және бірқатар құқықтық-нормативтік актілермен қорғалып келді.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту тұтынушылар құқығын қорғау деңгейін көтерумен тікелей байланысты. Бұл өз деңгейінде жүзеге асырылып тұрса, кәсіпкерліктің дамуына оң әсерін тигізеді. Ал бізде тұтынушылар құқығын қорғау әлсіз болып келгендіктен, заңға өзгерістер енгізуді уақыттың өзі талап етті.
Енді бұл басты назарда болмақ.