Екі кәсіптің басын ұстаған кәсіпкер

0
105
Сайрамдық жеке кәсіпкер Селимхан Валиевтің жылыжай шаруашылығымен айналысқанына көп бола қойған жоқ. Десек те, диқанның егіннің жайын бір кісідей білетіні бізді таң қалдырды. Ол өткен жылы 5 гектар жерді сатып алып, соның 60 соттығын жылыжайға арнаған екен. Қазір мұнда «Бір жерден бір жылда 2-3 өнім алу» жобасы бойынша екінші өнім алынуда. Толығырақ айта кетсек, шаруа алғашқы өнімге қияр еккен екен. Одан 40 тонна өнім алыпты. Бұйыртса, қызанақтан 60-70 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. 
– Бұл жер негізінен мемлекеттен 49 жылға жалға алынған. Мен сол жалға алған адамнан сатып алғаныма ек жылға таяп келеді. Алғашқы жылды жылыжайдың құрылысын жүргізіп, жерді өндеуге арнадық. Биылдан бастап егін егіп жатырмыз. Әзірге нәтижесі жаман емес. Бірінші өнімді толық жинап алдық. Енді екінші өнімге кірісудеміз, – дейді диқан.
Диқан жылыжайдан бөлек, егістік алқапқа да түрлі көкөністер еккен. Онда қияр енді жиналуда. Егістік алқапты аралап көрмек едік, араларында қаулап өсіп тұрған жүгерінің сабағынан жүре алмадық. Жүгерінің биылғы шілдедегі ыстықты өзіне жақсы қабылдағаны бірден байқалды. Сабақтары тым ұзарып кетіпті. Селим Валиевтен мұны не себепті жүгері отырғызғанын сұрадық.
– Қызанақ пен қиярдың ыстыққа төзімді немесе керісінше аптап ыстыққа шыдамайтын түрлері болады. Соған қарай оларды саралай отырып ерте көктемде және жазда егеміз. Дегенмен, көкөністердің барлығы шілденің шіліңгір ыстығында күнге күйіп кетуі мүмкін. Сол себепті жүгеріні күн сәулесін ұстап, қиярға көлеңке түсіріп тұру үшін ектік. Әрі біз одан өнім аламыз, — дейді жеке кәсіпкер.
Науқан уақытында жылыжайда 30 адамға дейін еңбек етіпті. Қазір соның 10-15-і күнара келеді. Ал, 9 адам мұнда тұрақты жұмыспен қамтылған. Айлық жалақылары – 150 мың теңге. Селим Валиев оларды үйінен алып кетіп, кешкісін жұмыстан соң апарып тастайтын арнайы көліктің қарастырылғанын айтады. Жұмысшылар түскі тамақпен де қамтылған.
– Жылыжайда тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Бізде бұл жүйе толық автоматтандырылған. Жылыжай жанынан қора салмақпыз. Онда 60 сиыр ұстап, сүтін зауыттарға өткіземіз. Осылайша, біз ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлесімізді қосуды мақсат етіп отырмыз, –дейді диқан.
Селим Валиев 17 жыл Нұр-Сұлтан қаласында жаттықтырушы болып жұмыс істеген екен. Оңтүстікке келгеніне 6 жыл болыпты. Алғашқы жылы егістікті Төлеби ауданындағы жеріне еккен. Бұл өңір тауға жақын болғандықтан, көкөністер мерзімінен кешеуілдеп пісіпті. Оның үстіне, оларды қалаға әкеліп өткізу де оңайға соқпаған сияқты. Сондықтан ол Сайрам ауданынан жер алуды ұйғарған. Әрі мұнда көкөністерді жүк көліктеріне тиеп, өзге өңірлерге алып кететіндер көп.
Шаруа алдағы уақытта жылыжай көлемін 2 гектарға жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл кезде 25-30 адамға тұрақты жұмыс береді. Жалпы, ауданда биылғы алты айда ауыл шаруашылығы саласында 46,7 млрд. теңгенің өнімі жиналды. Оның ішінде, егін шаруашылығында 7,7  млрд.теңгенің, мал шаруашылығында 39 млрд.теңгенің өнімі алынды. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында өңірде аумағы 7,035 гектарды құрайтын жылыжай іске қосылып, аудандағы жалпы жылыжай көлемі 60 гектарға ұлғайды.

Leave a reply